Полицияда 3 387 мал ұрысы тіркеуде тұр - министрлік
«Криминогендік жағдайға жасалған талдау көрсеткендей, соңғы бес жылда республика бойынша мал ұрлығының фактісі 8 мыңнан 3,7 мыңға дейін немесе 60 пайызға төмендегені байқалады. Жалпы ұрлық қылмыстары ішінде мал ұрлығының үлесі 3,5 пайыз шамасында», - деді С. Мадиев.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, 2015 жылы 19 535 мал басы, 2016 жылы – 25 432, 2017 жылы – 20 059, 2018 жылы – 15 400, ал 2019 жылы 10 942 мал басы ұрланған.
Оның сөзіне қарағанда, ұрланған 91 мың бас малдан 42,5 мыңы иесіне қайтарылды.
«Жалпы, қабылданған шаралардың арқасында соңғы 5 жылда мал ұрлығы үшін 11 мың қылмыскер ұсталды», - деп нақтылады Сағат Мадиев.
Оның айтуынша, көп жағдайда қылмыскерлер қайталап ұрлық жасайды. Ағымдағы жылы мал ұрлығы үшін ұсталған 1 696 адамның 678-і бұрын осындай қылмыс жасаған. Қазіргі уақытта 3 387 мал ұрысы полицияның жедел есебінде тұр.