Полицияға бағынбаған ақмолалық 4,5 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Полицияға бағынбаған ақмолалық 4,5 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуі немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлердің мәліметі бойынша ағымдағы жылдың 1 қаңтарында таңғы сағат 08:15 минут шамасында Ақмола облысының Аршалы кентіндегі жатақханалардың бірінде араққа сылқия тойып алған екі ер адам жаға жыртысып қалған. Оқиға орнына дереу жеткен учаскелік полиция инспекторы оларды ажыратып, медициналық тексерістен өткізу үшін аудандық ауруханаға жеткізген.
Алайда, ер адамның біреуі полицияның ырқына көнбей күш көрсетуге тырысты. Тәртіп сақшысы бұзақының әрекетіне қарсы тұрып,аудандық полиция бөлімшесіне алып барды.
Қазіргі кезде, 27 жастағы аталған ер адамның үстінен ҚР ҚК 380 бабының 1 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Аталған санкция бойынша кінәлі 4,5 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуі немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар, 2016 жылдың 30 желтоқсанында патрульдік-жол полициясының қызметкерлерін балағаттаған Ақкөл ауданының тұрғының үстінен де ҚР ҚК 378 бабының 1 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның кінәсі дәлелденсе, 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 45 тәулікке қамалуы мүмкін.