18:31, 27 Тамыз 2020 | GMT +5
Полицияға мылтық тапсырмаған Павлодар тұрғыны қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Ауыл полицейлері жас жігіттен тіркелмеген мылтық тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу аясында Аққулы ауданының полицейлері 29 жастағы павлодарлық азаматтан тіркелмеген 16 калибрлі №1214 А ИЖ маркалы тегіс ұңғылы мылтық тәркіледі», – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осы факті бойынша сараптама тағайындалып, тексеру жүргізілуде.
«Мылтық иесі қаруды уақытында полицияға тапсырғанда, қазір қылмыстық жауапкершіліктен құтылып, ақшалай сыйақы алатын еді», – деп толықтырды департаментте.
Полиция қызметкерлері сондай-ақ 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін өңірде тіркелмеген қаруды қабылдайтынын, ал сараптама жүргізілгеннен кейін иесіне ақшалай өтемақы берілетінін еске салды.
Авторы: Антон Гагарин