Полицияның xалық арасындағы көмекшілері қанша ақша табады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті қалмыспен күрес жолында xалықпен байланыс орнату, соның ішінде көмек берген азаматтарды ынталандыру бойынша есеп берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Комитет төрағасының орынбасары Мақсат Байболовтың айтуынша, қоғамдық тәртіпті сақтау саласында азаматтармен тығыз байланыс орнату мәселесіне баса назар аударылады. Арнайы нормативтік-құқықтық актілер де бар. Заң бойынша кез келген адам ішкі істер органдарына өтініш жазып, полицияның көмекшілері қатарына қосыла алады.
«Бүгінде республика бойынша жыл сайын қоғамдық тәртіпті сақтау шараларына 29,5 мың адам атсалысады. Олар ұжымдық құрылымдарға бірігіп, жұмыс істейді. Қазіргі кезде ондай құрылымдардың саны 4,5 мыңнан асады. Мәселен, ауылды жерлерде «Сақшы» деген құрылымдар бар. Олар мал ұрлығымен күреседі. Жоғары оқу орындарында студенттік жасақтар тәртіп бұзушылықпен күресіп, профилактикалық шараларды атқарып жүреді. Биыл барлық құрылымдардың қатысуымен 1,5 мың қылмыстық іс анықталды. Бұдан бөлек, 12,5 мың әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді», - деді М.Байболов.
Оның айтуынша, қоғамдық тәртіпті сақтау саласында белсенді азаматтарды ынталандыру жағы да қарастырылған. Соның ішінде алғыс xаттар, грамоталар, бағалы және ақшалай сыйлықтар бар. Ал Үкіметтің арнайы қаулысында ынталандырудың нақты сомасы көрсетілген. «Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында полицияға көмектескені үшін 955 адам марапатталды. Солардың ішінде 765 адам жалпы сомасы 4,5 млн теңгенің (әрбіреуіне 5 888 теңгеден келеді - авт.) ақшалай сыйақысын алды», - деп атап көрсетті М.Байболов.