Полигондағы өрт: Алатау қаласында төтенше жағдай режимі енгізілді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алатау қаласының қоқыс полигонындағы ірі өртке байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, бұл шешім Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қабылданды.
– Өрт ауқымды аумақты қамтығандықтан, төтенше жағдай режимін енгізу қажетті күштер мен құралдарды – өрт сөндірушілерді, құтқарушыларды, арнайы техниканы дер кезінде жұмылдыруға және барлық қызметтің жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді, - деп хабарлады облыс әкімдігі.
Сонымен қатар қабылданған шаралар өрт салдарын жою жұмыстарын жеделдетуге бағытталған.
– Жағдай тұрақты бақылауға алынды. Тұрғындардың өміріне еш қауіп жоқ. Барлық қызмет түрі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебін анықтау мақсатында арнайы тексеріс жүргізіледі, - делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, бұған дейін Алатаудағы қоқыс полигонындағы өртке байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін жазғанбыз.
Сондай-ақ полигонындағы жағдай қазір қандай екенін жазған едік.