Politico: Мадуроға АҚШ айып тақса, ол «заңды нысанаға» айналуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэла президенті Николас Мадуро егер оған есірткі саудасына немесе терроризмге қатысы бар деген ресми айып тағылса, АҚШ үшін «заңды нысанаға» айналуы мүмкін. Бұл туралы Politico басылымы бұл жағдаймен жақсы таныс дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Мадуро
Фото: РИА Новости

Агенттік дерегінше, Вашингтонда Венесуэла басшысына қарсы іс-қимылдың жаңа нұсқалары талқыланып жатыр. Мұның бәрі АҚШ-тың есірткі картельдеріне қарсы күрес аясында жүзеге асырылуы мүмкін.

«Анығында біз есірткі сатушылар мен террористерді қудалап жатқан жоқпыз ба?» деді агенттікке сұхбат берген дереккөз.

Бұрынғы америкалық шенеуніктердің айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың жоспары — Венесуэла басшысын биліктен кетуге мәжбүрлеу. Бұл әрекет ресми түрде «режимді ауыстыру» деп жарияланбайды, сондықтан Вашингтон Венесуэлада туындауы мүмкін салдар үшін аз жауапкершілік арқалайды.

«Сарапшылардың пікірінше, бұл тәсіл Трампқа халықаралық аренада әлсіз болып көрінбеуге және Венесуэладағы жағдайға тікелей араласпай-ақ саяси қысым көрсетуге мүмкіндік береді», деп жазды Politico басылымы.

Еске сала кетейік, АҚШ-Венесуэла шиеленісіне байланысты америкалық әуе тасымалдаушылар тобы Кариб теңізіне келгенін хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар