Полицейлер 11 мың тұрғын үй мен басқа да нысандарды күзетке алды

полицей
Фото: ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – Полиция су тасқынынан зардап шеккен 59 елді мекенді қоршауға алды. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты.

«Қазақстанда су тасқыны салдарын жою ісі жалғасып жатыр. Ішкі істер органдарының қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. ІІМ мен өңірлік департаменттерде жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Құтқару және су тасқынына қарсы іс-шараларға 5,5 мыңнан астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі, сонымен қатар ІІМ оқу орындарының курсанттары, 828 техникасы жұмылдырылды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның дерегінше, полиция қызметкерлері 10 мың метр арықты тазартып, 590 мың қап төседі. Су басқан өңірлерде патрульдеу және кезекшілік тәулік бойы жүргізіп жатыр. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындардың ешқайсысы су басу қаупі бар аймақта қалып кетпеуі үшін елді мекендерде жаппай рейд жүргізуді қолға алған.

«Қараусыз қалған мүлікті күзету үшін полиция су тасқынынан зардап шеккен 59 елді мекенді қоршауға алды. Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының күзетінде қараусыз қалған 11 мың тұрғын үй мен басқа да нысандар бар. Ұрлық-қарлыққа жол берілмеді. ІІМ күшімен бүгінгі күнге дейін 32 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Азаматтар 104 ірі уақытша орналастыру пунктіне орналастырылды», - деді ІІМ ресми өкілі.

Соңғы жаңалықтар