Полицейлер 79 медицина қызметкерін не үшін жауапқа тартқаны белгілі болды
Құрамында есірткі заттары бар препараттарды сақтау тәртібіне қатысты медицина қызметкерлері тексеріліп, 79 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ішкі істір министрлігі Есірткіге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
Биылғы 13-17 қараша аралығында ел аумағында «Дәрмек» кең ауқымды жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оның негізгі міндеті – есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды контрабандалық әкелу, сондай-ақ олардың заңсыз айналымға шығару деректерін анықтау және жолын кесу.
Тексеру нәтижесінде фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттардың айналымы саласындағы ережені орындамаған медицина қызметкерлері анықталды.
«Біз тоқсан сайын жедел-алдын алу іс-шарасын өткізіп тұрамыз. Сондықтан медицина қызметкерлері препараттарға қатысты талапты күшейтуі керек. Әсіресе, Қазақстанда айналымы шектелген препараттарға ерекше назар аудару қажет. Атап айтқанда, әкімшілік жауапкершілікке 249 адам, оның ішінде 79 медицина қызметкері тартылды. Барлық материалдар Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жолданды», - деді Б. Әмірханов ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл заңсыз айналымдағы 37 тоннадан астам есірткі тәркіленді.