Полиция табиғатты қорғау мақсатында ШҚО орман алқаптарын әуеден бақылайды
ӨСКЕМЕН.KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында 15-31 желтоқсан аралығында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу, дайындау, тасымалдау және сату фактілерінің жолын кесуге бағытталған «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері авиациялық рейд жүргізді. Орман алқаптарына әуеден мониторинг жасау қылқан жапырақты ағаштардың жай-күйін нақты тіркеуге және жетуі қиын учаскелерді қамтуға мүмкіндік берді.
Ұшу барысында тәртіп сақшылары Риддер, Шемонаиха, Глубокое, Ұлан және Алтай аудандарының аумақтарын қамтыды.
ЖПІШ басталғалы бері ағаштарды заңсыз кесудің екі фактісі анықталып, жолы кесілді.
Полиция қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сондай-ақ сақшылар азаматтарды табиғатты қорғауға шақырады.
Айта кетелік келесі жылы 5,4 млн гектар орман өртті ерте анықтау жүйесімен қамтылады.