Полицияға азаматтардан 778 өтініш түсті: тұрғындарды не алаңдатып отыр
АСТАНА. KAZINFORM – «Біз қасыңдамыз. Бізден сұраңыз» ақпараттық акциясы аясында полиция қызметкерлері азаматтармен онлайн форматта тікелей байланыс орнатты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Акцияның негізгі мақсаты – халықпен жедел кері байланысты қамтамасыз ету, келіп түскен сұрақтарды қарау және қажет болған жағдайда өтініштерді құзыреті бойынша тиісті қызметтер мен ұйымдарға жолдау болды. Көрсетілген кезеңде азаматтардан 778 өтініш келіп түсті, оның ішінде 334 өтініш Threads платформасы арқылы жолданған.
-Қарау нәтижелері бойынша 66 өтініш қажетті көмек көрсету үшін Отбасын қолдау орталықтарына жолданды. Өзара іс-қимыл барысында мазмұны мен күрделілігі әртүрлі өтініштер келіп түсті. Олардың бір бөлігі жедел ден қоюды, ал енді бір бөлігі қосымша зерделеуді және басқа да мемлекеттік және әлеуметтік қызметтермен өзара іс-қимылды талап етті,-делінген хабарламада.
Сондай-ақ онда отбасында жасалған зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты өтініштерге ерекше назар аударылды. Мұндай жағдайларда азаматтарға тек ақпарат беріп қана қоймай, нақты шаралар қабылдау қажет болды.
ІІМ азаматтармен өзара іс-қимыл форматтарын одан әрі жетілдіріп, ден қою жеделдігін арттыруды жалғастырады.
-Өзара іс-қимылдың мұндай форматының практикалық маңызы зор. Ол полицияның ғана емес, басқа да қызметтердің араласуын талап ететін мәселелерді ертерек анықтауға және бірлескен күш-жігермен тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. «Біз қасыңдамыз.. Бізден сұраңыз» — бұл акцияның атауы ғана емес. Бұл — ІІМ-нің халықпен жұмыс істеудегі басты қағидасы,-деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Осыған дейін Шымкентте полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 4 мыңнан астам шағым түскені туралы жаздық.