Polpharma Santo қазақстандық дәрі-дәрмекті Еуропаға экспорттай бастады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Бірнеше жылға созылған дайындық пен еуропалық сертификат Шымкенттегі Polpharma Santo зауытын Еуроодақ нарығына шығарды. Қазақстанда жасалған ситаглиптин дәрісінің 7,8 мың қаптамасы Болгарияға жөнелтілді.
Іc-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, кәсіпорын басшылары мен жұмысшылары, серіктестер қатысты. Екінші типті қант диабеті ауруына ем болар ситаглиптин дәрісін енді шетелдіктер де тұтынады. 100 мг дозадағы дәрі-дәрмек ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа бағытталып отыр. Ол үшін кәсіпорын өндіріс желісін жаңартты, сапаны бақылау және қадағалау саласында еуропалық талапты енгізді әрі барлық міндетті орындады. Сөйтіп 2025 жылы зауыт Еуроодақтың GMP сертификатын иеленді. Polpharma Santo мәліметіне сүйенсек, осы стандартқа сәйкестігін растаған Орталық Азиядағы алғашқы фармкәсіпорын болды.
— Қазақстандық дәрі-дәрмекті Еуропалық одақ елдеріне жөнелту — тарихи сәт. Шағын ғана қораптағы дәріні дайындау үшін шамамен 500 адам еңбек етті. GMP сертификатын алу жұмысының өзі үш жылға созылды. Мұның бәрі не үшін керек? Көп адам осы сұрақты қойды. Бүгін оның жауабы дайын. Қазақстанда дайындалған дәрі-дәрмек Еуропа елдерінде де қолжетімді болады, — деді Polpharma Santo-ның бас директоры Адам Алексеюк.
Іс-шара кезінде дәрі-дәрмектің алғашқы топтамасы жүк көлігіне тиелді. Ондаған жыл бойы бұл дәрі елімізге Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Корея және өзге елдерден жеткізілсе, енді Шымкентте өндіріледі, экспортталады.
— Біз дәрі-дәрмек жөнелтуді Болгария елінен бастадық. Онда ситаглиптинге сұраныс бар. Бүгін 7 800 қаптама жібереміз. Өзге елдерге жіберу туралы шешім кейін қабылданады. Бір ғана дәріні тасымалдау арқылы да Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыра аламыз, — деді компанияның бас директоры.
Компания 2026 жылы қаңтар айында 30-дан астам препаратты өндіруді игеруді көздейтін инвестициялық келісімшарт жасады.
— Ситаглиптин бірыңғай дистрибьютордың сатып алу жүйесіне енгізілді және еліміздегі дәріхана желісіне жеткізіледі. Енді эндокринолог дәрігерлермен жұмыс істеп, қант диабетіне шалдыққан адамдарды емдеу кезінде қолдануды ұсынамыз, — деді А. Алексеюк.
Айта кетейік, Шымкенттегі фармацевтика зауыты 1882 жылдан бері жұмыс істеп тұр. 2011 жылы Polpharma халықаралық тобына енді. Содан бері жаңғыртуға $130 млн инвестиция салынған. Қазір зауытта 1,4 мың адам еңбек етеді. Мұнда 14 терапиялық бағытта 380 дәрі-дәрмек шығады. Ал GMP сертификаты ішкі сұранысты қамтып, шетел нарығын жаулауға мүмкіндік береді.