Польша 20 еуро банкнотында Мария Кюридің толық есімін көрсетуді талап етті
АСТАНА. KAZINFORM — Польша ғылым және жоғары білім министрі Марцин Куласек Еуропалық орталық банкке ресми хат жолдап, Нобель сыйлығының лауреаты Мария Склодовская-Кюридің толық есімін жаңа 20 еуро банкнотында көрсетуге шақырды, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Бұл туралы Польшаның ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Министрдің айтуынша, тек «Marie Curie» деп жазу — тарихи әділетсіздік және Польша тарапынан ғылым мен мәдениетке қосқан үлестің мойындалмауы болып саналады.
— Мария Склодовская-Кюридің толық есімі мен тегін банкнотада көрсету – бұл жай ғана ресмилік емес, бұл біздің ортақ еуропалық болмысымызды, тарихымыз бен мұрамызды мойындаудың символы. Біз оның шыққан тегін ұмытпауға және Польшаның әлемдік ғылымға қосқан үлесін көрсетуге міндеттіміз, — деп атап өтті ол Еуропалық орталық банк басшысы Кристин Лагардқа жазған хатында.
Министрлік еске салғандай, бастапқы банкнот дизайнында тек французша «Marie Curie» есімі көрсетілген. Бұл жағдай Польшада және халықаралық қоғамдастықта сынға ұшырады. Хатта сондай-ақ Мигель де Сервантес пен Людвиг ван Бетховен сияқты тұлғалар өздерінің түпнұсқа есімдерімен бейнеленгені айтылып, Мария Склодовская-Кюриге де дәл сондай құрмет көрсетілуі тиіс екені баса айтылған.
Politico басылымының дерегінше, Еуропалық орталық банк «Еуропалық мәдениет» тақырыбындағы жаңа банкнот сериясын әзірлеп жатыр. Мария Склодовская-Кюри — ғылым саласында екі түрлі Нобель сыйлығын алған жалғыз әйел және банкнотқа бейнеленуі мүмкін үміткерлердің бірі. Бұған дейін Польшаның Ұлттық банкінің төрағасы Адам Глапиньский де Еуропалық орталық банкке осы мәселе бойынша ресми хат жолдаған.
Бұған дейін Польшада 25 мыңнан аса маңызды нысанды суретке түсіруге тыйым салынатыны белгілі болды.