Польша Балтық теңізінде алғашқы теңіз жел станциясын салып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Көмірге ең тәуелді елдердің бірі саналатын Польша енді экологиялық таза энергияға бет бұрмақшы, деп жазды Euronews.

36 миллион халқы бар Польша кезінде электр энергиясының негізгі бөлігін көмір арқылы алып келген. Бүгінде Еуроодақтың ауыспалы төрағасы ретінде Польша қазба отынға тәуелділікті азайтуды көздеп отыр.
Премьер-министр Дональд Тусктің үкіметі елдің оңтүстігіндегі тиімсіз шахталарды біртіндеп жабуды жоспарлап отыр. Ал елдің Балтық жағалауындағы солтүстігі жаңартылатын энергетикада серпіліс кезеңі басталды.
Премьер-министр кеңсесінің хатшысы Игнаций Немчицкий Euronews арнасына берген сұхбатында жел электр станциясының қызмет ету мерзімі 30 жылға дейін жететінін және бұл жоба Польшаның энергетикалық ауысуында маңызды рөл атқаратынын айтты:
– Бізде енді көмір жоқ әрі біз үшінші елдерден импортқа тәуелді болғымыз келмейді, – деді Немчицкий.
Оның айтуынша, поляк экономикасы үшін жаңартылатын энергия көздеріне, атом энергетикасына және газға инвестиция салу – энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етудің тиімді жолы.
Baltic Power — Польшадағы жетекші теңіз жобасы
Бұл жоба ORLEN мен канадалық Northland Power компанияларының бірлескен кәсіпорны. Электр станциясы Балтық жағалауындағы Хочево мен Леба қалаларына жақын, жағалаудан 23 км жерде орналасқан. Жобаның жалпы қуаты 1140 мегаваттқа жетеді деп күтіледі. Бұл шамамен 1,5 миллион поляк үй шаруашылығын электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Атом энергетикасы да күн тәртібінде
Польша тек жаңартылатын энергиямен шектеліп қалмайды. Елде алғашқы атом электр станциясын салу жоспары бұрынғы «Құқық пен әділеттік» (PiS) партиясы үкіметі кезінде басталып, қазіргі премьер Дональд Тусктің коалициясы арқылы жалғасын тауып отыр.
Сонымен қатар, Немчицкий Польшаның шағын модульді реактор (SMR) жобаларын қарастырып жатқанын және Канададағы пилоттық жобаларды жіті бақылап отырғанын айтты. Мұндай реакторлар 300 мегаваттқа дейін энергия өндіре алады.
– Алдағы 15 жылда Польша энергетикалық жүйесінде айтарлықтай өзгерістер болады. Атом энергетикасы негізгі қуат көзіне айналса, жаңартылатын энергия мен газ икемділік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді, – деді Немчицкий.
Айта кетейік, маусымда Кароль Навроцкий Польшаның жаңа президенті болып сайланған болатын.