Польша Израильден өз азаматтарын эвакуацияламақ

АСТАНА. KAZINFORM – Израильдегі Польша азаматтарын алдымен автобуспен Иорданияға жеткізіп, артынан Варшаваға жібереді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Польша первой в ЕС вывозит своих граждан из Израиля
Фото: Mateusz Szymański / / Bankier.pl

Польшаның Сыртқы істер министрлігі Израильден 200-ге жуық азаматын эвакуациялайтынын мәлімдеді. Польша Иранмен Израиль арасындағы қарым-қатынас ушығып бара жатқан тұста мұндай қадамға барып отырған ЕО-дағы алғашқы ел болып отыр.

- Біздің болжамымыз бойынша, алдағы 1-2 тәулікте эвакуацияға дайын боламыз. Операция барысында негізінен туристер мен Израильге аз уақытқа келген поляктар эвакуацияланады, - деп мәлімдеді тілшілерге сыртқы істер министрінің орынбасары Генрика Мосцицка-Дендис.

Израиль 13 маусым күні Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы берген соң екі ел бір-біріне ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қолдана отырып үздіксіз шабуылдап жатыр.

Жексенбінің кешіндегі мәліметтер бойынша, әуе соққыларының салдарынан Израильде кемінде 14 адам, ал Иранда 224 адам мерт болды.

Еуроодақтың өзге мемлекеттері Израильге барудан бас тартуға шақырып жатқанда Польша өз азаматтарын эвакуациялауды бастаған бірінші ел болып отыр. Польша азаматтары алдымен Иорданияға жеткізіліп, артынан Варшаваға жолға шығады. Израильдің әуе кеңістігі жабық.

Осы сәтте Еуроодақ басшылары тараптарды тыныштыққа шақырып, шиеленісті бейбіт жолмен шешуге үндеді.

Алайда Израильдің АҚШ-тағы елшісі жексенбі күні бейбіт келісімге қарсы екенін айтып: «Біздің мақсатымыз соғысты тоқтату емес, жеңіске жету»,-деді.

Осыған дейін Иран мен Израиль арасындағы үздіксіз соққыдан тағы бірнеше адам қаза тапқаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар