Польшада 100% дауыс өңделді — Навроцкий жеңді
АСТАНА. KAZINFORM — Кароль Навроцкий Польшаның жаңа президенті болады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Польша БАҚ хабарлауынша, президент сайлауының екінші турындағы дауыстардың 100 пайызы өңделген. «Құқық және әділет» өкілі К.Навроцкий 50,89 пайыз (10 606 628 дауыс), ал оның қарсыласы, Варшава мэрі Рафал Тшасковский 49,11 пайыз (10 237 177 дауыс) жинады.
Сайлауға дауыс берушілердің 71,6 пайызы қатысты. Бұған дейін Варшава уақытымен сағат 01:00–дегі жағдай бойынша экзит-полл Варшава мэрі, либерал Рафал Тшасковский ұлтшыл Кароль Навроцкийден сәл алда екенін көрсеткен.
Алайда дауыстарды толық санау К.Навроцкийдің жеңісін көрсетті. Қорытынды расталып, ресми жеңімпаз «Құқық және әділет» өкілі болса, бұл «Азаматтық платформа» деген басқа партияның өкілі премьер-министр Дональд Туск үшін саяси жайсыздық болмақ.
Бұған дейін Польшадағы президент сайлауына тартысқа түскендер қандай уәде бергені туралы жазған болатынбыз.