Популистердің дерегіне сүйеніп, кез келген экономика саласын «паразит» деуге болмайды — Скляр

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің машина жасау саласы бюджеттен қандай да бір дотация алмайды. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты. 

Популистердің дерегіне сүйеніп, кез келген экономика саласын «паразит» деуге болмайды — Скляр
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Роман Склярдан «Қазақстанда автомобиль өндірісі дамып, зауыттар салынып жатыр деген қағаз жүзінде бар. Бірақ, көзге көрінетін даму байқалмайды. Неге? Сіз осы саланың жауапты маманы ретінде жаныңыз аши ма?» деп сұраған еді. Сауалға жауап берген бірінші вице-премьер кейбір популистердің деректеріне сүйене отырып, еліміздің экономикасының кез келген саласын «паразит», «жаман жұмыс істейді», «кәсіпорындарын жойып, нарықтан кетуі тиіс» деуге болмайтындығын баса айтты.

— Әлемнің кез келген экономикасы, өзін-өзі құрметтейтін елдер халық экономикасының кез келген саласын, тіпті ол ауыл шаруашылығы, көлік, металлургия, машина жасау болса да белгілі бір деңгейде қолдау көрсетеді. Мұны дамыған елдер үлгісінен де көріп отырмыз. Мұндай қолдау машина жасау саласына тікелей бюджет қаржысын құюға да ойысып жатады. Бұл кәсіпорын жұмыс істеуі үшін жасалады. Автоөнеркәсіпке келер болсақ, бұл қарқынды дамып жатқан басқа да өнеркәсіп салаларының бірі. Ерекше атап өткім келерлігі, ол кейбір салалар сияқты бюджеттен қандай да бір дотация алмайды. Олар өздерінің кәсіпорындарында еркін сауда аймағында жұмыс істейді. Олар өнім шығарады, — деді ол.

Бірінші вице-премьер осы орайда утильалым мәселесін қозғады.

— Саясиландырып жіберген утильалым дегеніміз не? Бұл — жанама салық қана. Ол автоқұрастырушыларға кетпейді, мемлекеттік «Жасыл даму» АҚ-қа түседі және экологиялық қажеттілікке жұмсалады. Егер утильалым болмағанда, онда бұл шығындарды республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен өтейтін едік. Демек, бұл жанама салық бюджет шығындарын өтеп отыр. Бұл анық, — деді Роман Скляр.

Сонымен қатар Алматы мен Қостанайда биыл автомобиль құрастыратын екі зауыт құрылысы аяқталатындығын айтты. Оның атап өтуінше, машина жасау саласына құйылған инвестиция үлкен мультипликативті әсер береді.

— Сарапшылардың бағалауынша, машина жасау саласында 1 жұмыс орнын құру жанама салаларда кемінде 3 жаңа жұмыс орындарын ашады. Мұны да түсінуіміз қажет, — деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Айта кетелік Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында Салық кодексі баспана бағасын 20 пайызға көтеретіні туралы болжамға жауап берген еді

Соңғы жаңалықтар