Porschist Magazine журналы еліміздің туристік әлеуетін насихаттайды

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропаның беделді Porschist Magazine журналы Қазақстан туралы арнайы шығарылым әзірлеп жатыр. Бұл басылымда еліміздің көркем табиғаты, сәулет нысандары мен мәдени мұрасы кеңінен таныстырылады.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағы
Фото: Kazinform

Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының Халықаралық нарықтар департаментінің маманы Дінмұхамед Кенжебаев мәлімдеді.

Жобаның аясында түсірілім тобы Алматы, Астана, Түркістан қалалары мен Бурабай, Шарын шатқалы сияқты көрнекті туристік орындарды аралап шыққан. Арнайы шығарылым 2026 жылдың наурыз айында жарық көреді.

— Porschist Magazine журналы Бельгияда жарық көреді және Еуропа аумағында таратылады. Идея журнал редакциясынан түсті. Олар Қазақстанға келіп, арнайы шығарылым әзірлеу ниетін білдіріп, Бельгиядағы Қазақстан елшілігіне жүгінген. «Kazakh Tourism» бұл бастаманы қолдады. Жоба еліміздің халықаралық имиджін арттыруда маңызды рөл атқарады. Түсірілім Алматы және Алматы облысынан басталды, кейін Түркістан қаласында жалғасты. Содан соң Астана мен Ақмола облысында түсірілім жүргізілді, — деді спикер.

Оның айтуынша, жоба Қазақстанды жаңа қырынан танытып, халықаралық аудитория үшін тың көкжиектер ашады.

— Біз ерекше әсер мен ерекше бағыттарды іздейтін туристерге Қазақстанның жаңа бейнесін ұсынғымыз келеді. Еліміз тек туристік бағыт қана емес, сонымен қатар шабыт пен таңданыс сыйлайтын ел екенін көрсеткіміз келеді, — деді ол.

Сондай-ақ ол өз сөзінде, Porschist Magazine 2000 жылдан бері шығып келе жатқан беделді басылым. Франция, Нидерланд, Монако және Швейцария сияқты мемлекеттердің оқырманын қамтиды. Бұған дейінгі соңғы арнайы шығарылымдар Үндістан, Аустралия, Сауд Арабиясы елдеріне арналған.

Сонымен қатар Дінмұхамед Кенжебаевтың айтуынша, биылғы қыркүйек айында Ұлыбританияның екі жетекші басылымы — The Telegraph және The Times журналистері Қазақстанға арнайы сапармен келіп, туристік бағытта материал әзірлеуі жоспарланып отыр.

Еске салайық, Қазақстанда ішкі және келу туризмін дамыту мақсатында бизнеске мемлекеттік қолдаудың жеті тетігі қарастырылғанын хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар