Португалияда кезектен тыс сайлау өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Португалияда социал-демократтар басқаратын үкімет отставкаға кетті. Бұл шешім қызметінен кететін премьер-министр Луиш Монтенегроның отбасылық заң фирмасының іскерлік қатынастарына қатысты мүдделер қақтығысын тексеруге байланысты қабылданды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бейсенбі күні Португалия президенті елде 18 мамырда кезектен тыс жалпы сайлау өтетінін жариялады. Бұл шешім азшылық үкіметі парламентте сенім вотумын ала алмай, отставкаға кеткеннен екі күн өткен соң қабылданды.
Атқарушы билікке ие емес, бірақ парламентті тарату және сайлау тағайындау құқығы бар президент Марселу Ребелу де Соуза үкіметтің құлауын «күткен және қажетсіз соққы» деп атады.
Теледидар арқылы халыққа үндеуінде ол Еуропалық Одаққа мүше елде үш жыл ішінде үшінші рет өтетін сайлауға белсенді қатысуға шақырды. Президенттің айтуынша, Еуропа қауіпсіздік пен экономика саласында елеулі сын-қатерлерге тап болып отыр және оларды шешу үшін саяси тұрақтылық қажет.
Сейсенбі күні премьер-министрдің әрекетіне қатысты мәселелердің туындауы Португалияда 1974 жылғы Қалампыр революциясынан бері ең ірі саяси дағдарысқа әкелді. Сол революция елдің 40 жылдық диктатурасына нүкте қойған еді.
Халқы шамамен 10,6 миллион адам болатын Португалияда соңғы жылдары бірнеше азшылық үкіметтері жұмыс істеді. Себебі негізгі бәсекелес партиялар — оңшыл-орталық Социал-демократиялық партия мен солшыл-орталық Социалистер — дауыстарын ұсақ партияларға жоғалта бастады.
Азшылық үкіметтері ымыраға келе алмай, нәтижесінде оппозициялық партиялар бірігіп, олардың саяси ұсыныстарын бұғаттап, биліктен кетуіне ықпал етті.
Сайлау Португалияның ЕО-дан 22 миллиард еуро көлеміндегі даму қорын инвестициялау кезеңімен тұспа-тұс келіп, елдегі саяси белгісіздікті одан әрі арттыруы мүмкін.
Сайлаушылардың қайта дауыс беруге деген наразылығы «Чега» («Жетер») оңшыл популистік партиясына қолдау артуына алып келуі мүмкін. Бұл партия екі негізгі партияға деген халықтың көңіл толмаушылығын пайдаланып отыр.
Өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған Луиш Монтенегро қайта сайлауға түсетінін мәлімдеді. Ол 2022 жылы социал-демократтардың жетекшісі болғанда, заң фирмасын әйелі мен балаларының басқаруына бергенін айтып, оның жұмысына араласпағанын алға тартты.
Жақында бұл фирманың үкіметтен құмар ойындар бойынша ірі концессия алған компаниядан тұрақты төлемдер алып отырғаны анықталды.
Социалистер Луиш Монтенегроның әрекеттеріне парламенттік тергеу жүргізуді талап етті.
Социал-демократтар елдегі экономикалық өсімнің (өткен жылы 1,9%, ал ЕО бойынша орташа көрсеткіш — 0,8%) және жұмыссыздық деңгейінің (6,4%) арқасында тұрақты қолдауға ие боламыз деп үміттенеді.