Пошта - еліміздің барлық тұрғыны үшін қолжетімді құрылым - Б.Қанешев, «Қазпошта» АҚ БҚО филиалының директоры

Оның айтуынша, "Қазпоштаның" облыстық филиалында 1013 адам жұмыс жасайды. Оның желісіне 12 аудандық пошта байланыс торабы, 4 атыраптық бөлімше, 16 қалалық пошта байланыс торабы, базасында «ГАЗель», «УАЗ» көліктерімен 4 жылжымалы пошта байланысы бөлімшесі және 111 ауылдық пошта бөлімшелері, 36 пошта байланысы пункті кіреді.
Қазір «Қазпошта» пошталық, қаржылық және түрлі кәсіптік емес, сонымен қатар ақпараттық қоғамның даму жағдайындағы әмбебап логистикалық оператор қызметтерін көрсететін көп қызметті супермаркетке айналу үстінде. Компанияның директорлар кеңесінде «Қазпошта» АҚ-ның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы бекітілді. Онда бұрынғыдай тек поштаны дамыту тұжырымдамасы ғана емес, ұлттық пошталық оператор инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы қарастырылды. Алға қойылған міндеттерге сәйкес байланыс бөлімшелерінің желілерін күрделі жайландыру жолымен техникалық жағынан жаңғырту, банктік және ақпараттық-коммуникациялық жабдықтармен жарақтандыру қолға алынады.
Пошта - еліміздің барлық тұрғынына қолжетімді жалғыз әлеуетті желілік құрылым. Оның күшті дамыған филиалдық желісі бар және республикада оның баламасы әзірге жоқ. 2006 жылы құнды қағаздар нарығында трансфер-агенттік қызметке 001 нөмірлі лицензия алған «Қазпошта» тұрғындарға еліміздің қор нарығына қатысуға жол ашты. 2006 жылы «Самұрық-Қазына» мемлекеттік холдингімен «Қазақтелеком» АҚ-ның жай акциялардың мемлекеттік пакетінің 4,6 пайызы «Қазпошта» трансфер-агенттік пункттері арқылы алғаш рет сатылды. 2009 жылы Қаржы министрлігінің бастамасымен мемлекеттік құнды қағаздарды сатуға қатысты. 2012 жылы «Қазпошта» АҚ-ның облыстық филиалы «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысып, сол жылдың қыркүйек айында «ҚазТрансОйл» АҚ-ның акцияларын халыққа ұсынды. Мұның өзі облыс тұрғындары арасында кең қолдау тапты. Соңғы жылдары қазақстандық пошта автоматтандырылған жүйені енгізу жолымен Қазақстан аумағымен өтетін ішкі және халықаралық жолданымдарды қадағалап отыратын «EMS Kazpost» секілді халықаралық қызметті сапалы атқаруда. Мұның өзі сертификаттау деңгейінде көрініс тапты. 2006 жылдың қорытындысымен «EMS-Kazpost» қызметіне қола деңгейі берілді. 2010 жылдың нәтижесі бойынша батысқазақстандық филиал өз тобындағы филиалдар арасында І орын алса, 2011 жылдың қорытындысымен 2-орынға шықты. Бүгінде қоғамда VISA кәртішкесі өнімдері (жалақылық, зейнетақылық, GOLD, СLASSIK) даму үстінде. ЕДБ-тер қалалық жерлердегі нарықтан орын алса, пошта ауылды, қалалық жерлерді де қамтиды.
Облыстық филиал ұзақ жылдар бойы «Қазпошта» бойынша транзакциялар көлемі (банкоматтар, POS-терминалдар), кәртішкелерді тарату белсенділігі бойынша (кәртішкелерді ұстаушылар саны 11 мыңнан асты) көш бастап келеді. Филиалға қарайтын 11 банкомат және 66 POS-терминал Оралда, аудан орталықтарында және бұрынғы аудандардың орталықтарында жұмыс істеуде.
Поштаның қалыптасу кезеңінде облыстық филиалға Орал қаласындағы Қ.Аманжолов, 104/1 мекенжайынан ғимарат алынды. Сондай-ақ Сырым және Тасқала аудандарынан екі аудандық пошта байланыс торабы, 19 ауылдық байланыс бөлімшесі ғимараттары бой көтерді. Өткен жылы Оралдағы теміржол вокзалы жанындағы іріктеу және тасымалдау учаскесі ғимаратына кірме жол салынды. Соңғы бес жылда 56 бірлік «УАЗ», «ВАЗ», «ГАЗель», «Тойота», «SANG YONG», «DAMAS» және жүк тартқыштар, автотиегіштер, тиегіш трактор техникасы сатып алынды. Іріктеу және тасымалдау учаскесі ғимаратына, 12 аудандық пошта тораптарына, Жалпақтал атыраптық байланыс бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Заманға сай талаптар үдесінен шығу үшін барлық пошта бөлімшелері жиһазбен, электрондық аппараттармен, компьютермен, пошта-кассалық аппаратпен жабдықталған. Қызмет көрсету аясы да кеңи түсті. «Қазпошта» жүйесі арқылы электрондық сауда мүмкіндіктерін дамыту жобасы іске асуда.
«Қазпоштаның» бүгінгі стратегиясы - көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейту және олардың сапаларына қол жеткізу. 2007 жылғы желтоқсан айында «Қазпошта» АҚ-ға ИСО 9001:2000 халықаралық стандарттар талаптарына сәйкестігі жөнінде халықаралық сапа сертификаты берілді. Мұның өзі компанияның басқару жүйесінің халықаралық стандарттарға сай келетіндігін көрсетеді.
Поштаның қалыптасу жылдарында қоғамға сіңірген қызметтері үшін «Қазпошта» АҚ-ның 20 қызметкері «Құрметті байланысшы» атағына ие болды. 2012 жылы Жаңақала аудандық пошта байланыс торабының басшысы Нұрлан Мақатов «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 326 қызметкер алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен марапатталды.
Филиал қызметкерлері Алматыдағы, Астанадағы тренинг орталықтарда кәсіптік шыңдалудан өтеді, оқиды. Әр пошта қызметкеріне өз бетінше білім-біліктілігін жетілдіру міндеті жүктелген. Қазақстан халықтары тілдері күні және пошташылардың кәсіби мерекесіне орай «Үздік пошташы» конкурсы тұрақты өткізіледі. Пошта саласында ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда. Жастарға тәлімгерлік ету дәстүрі қалыптасқан ұжымның негізгі құрамын 5 және одан көп жылдар жұмыс істеп келе жатқан жандар құрайды.
«Қорыта айтсақ, «Қазпошта» және оның облыстағы филиалы заман ағымынан қалмай алға қарай сенімді қадам басып келеді», деді Б.Қанешев.