Посткоронавирустық экономика: Бизнесті қолдау, халық табысын арттыру - сарапшылар пікірі
Экономикалық зерттеулер институты Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау орталығының директоры Қуаныш Бейсенғазиннің дерегінше, осы жылдың І жартыжылдығында еліміздің жалпы ішкі өнімі 1,8, 7 айда 2,9 пайызға төмендеген. Ал қызмет көрсету өндірісі 6,2 пайызға қысқарғанымен тауар өндірісі 2,1 пайызға өсім көрсеткен. Карантиннің екі кезеңінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі барлық саладағы шектеу шараларына байланысты 2,5-3 трлн теңгеден қағылып отыр.
«Дегенмен, мамыр және маусым айларында карантиндік шектеулердің әлсіреуі және теңгенің нығаюына байланысты әрі мұнай бағасының қалпына келуі нәтижесінде экономиканың біршама қалпына келуі байқалды. Қазір карантин шаралары кезең-кезеңімен алынып басталғаннан кейін қызмет көрсету саласындағы экономикалық белсенділіктің біртіндеп қалпына келуін күтеміз», - деді Қуаныш Бейсенғазин.
Осы ретте сарапшының айтуынша, Қазақстан Үкіметі коронавирус індетінің таралуын тежеу және жалпы экономиканы қолдау бойынша уақтылы шаралар қабылдады. Іске асырылған дағдарысқа қарсы шараларды халықаралық сарапшылар да жоғары бағалап отыр. Дүниежүзілік банктің баяндамасында да еліміздің бизнесті және халықты әлеуметтік қолдау шаралары тиімді деп баға берілген. Жалпы, Үкімет қабылдаған шаралардың нәтижесінде осы жылдың қорытындысында еліміздің жалпы ішкі өнімі 0,9 пайыз өсім көрсетуі мүмкін.
Ал Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы Руслан Сұлтанов бұрыннан қалыптасқан «Бизнестің жол картасы» коронавирус індетіне байланысты жедел өзгерістерді талап еткенін, Үкімет те қысқа мерзімде, ең алдымен, микро және шағын бизнес үшін шарттарды қайта қарап, жеңілдеткенін айтады.
«Дәл осы бизнес санаттары бірінші болып локдаун мен карантиннің қысымын сезінді. Қызмет көрсету саласының бір бөлігі жабылып, жұмыссыз қалды. Сондықтан, салық жеңілдіктерінен басқа, «БЖК-2025« желісі бойынша микро және шағын бизнесті жылдық 6 пайыз мөлшерлемемен несиелеу бағдарламасы ашылды. Қазіргі уақытта бизнестің айналым қаражатын толықтыру үшін берілетін несиенің шекті сомасы 5 млн теңгені құрайды. Өндірісті кеңейту үшін 20 млн теңгеге дейін беріледі. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өз кезегінде қарыз сомасының 85 пайызын кепілдендіреді. Яғни, кәсіпкер 15 пайызын ғана қамтамасыз етуі қажет», - деді ол.
Сұлтановтың айтуынша, бағдарлама ісін жаңа бастаған бизнесмендерге жақсы көмек болады, өйткені онда салалық шектеулер жоқ және өтінімдер жедел түрде қаралуы тиіс.
Экономикалық зерттеулер институтының Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау орталығы директорының орынбасары Шыңғыс Шүнеев экономикадағы іскерлік белсенділіктің төмендеуі кезеңінде мемлекет жиынтық сұранысты ынталандыру мақсатында трансферттерді көбейтетінін, коронавирус індеті кезеңінде Қазақстанда әлеуметтік трансферттер ұлғайтылып, олардың табыс құрылымындағы үлесі 2020 жылдың 1 тоқсанында 27,8 пайызғ дейін өскенін алға тартады.
«Көріп отырғанымыздай, елдің дағдарысқа қарсы саясаты халықтың табысын қолдау тұрғысынан да өзінің жоғары тиімділігін байқатты. Талдау 2020 жылғы 1-тоқсанда әлеуметтік трансферттердің үлесі 2019 жылғы 4 тоқсанмен салыстырғанда 4 пайызға өскенін көрсетеді. 2020 жылы әлеуметтік трансферттер үлесінің өсуі карантин енгізілуіне байланысты табыстың жоғалуы салдарынан әлеуметтік көмекке жүгінушілер санының өсуіне байланысты болды», - деді ол.
Оның дерегінше, бүгінгі таңда 6,7 млн адам 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды. Әлеуметтік төлемдер арасында зейнетақы айтарлықтай үлеске ие. Ол жыл басынан 23,6 пайызға дейін өсті. Сондай-ақ, биыл зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақылар индекстелді. 2,2 миллионнан астам зейнеткер үшін ынтымақты зейнетақы 12, базалық зейнетақы 10 пайызға артты. 1,8 млн астам адам үшін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 10 пайызға ұлғайды.
Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасының кеңесшісі Перизат Омарова 2016-2019 жылдары Қазақстан экономикасы әлемдік экономика қарқынынан едәуір озық болғанын, мәселен, өткен жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,5 пайызды құраса, дамыған елдерде ол 1,7, ал дамушы елдерде 3,7 пайыз болғанын алға тартады.
«Мұндай жоғары өсу қарқыны Ұлттық қор қаражатын, оның ішінде 2016-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыру үшін бөлінген қаражатты игеру есебінен қамтамасыз етілді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру ЖІӨ-нің 0,7-1,4 пайыздық тармақ мөлшерінде қосымша өсуін қамтамасыз еткенін атап кеткен жөн», - деді Перизат Омарова.