Пойыздағы әлімжеттік былтыр сарбаздар әскерден қайтып бара жатқанда болған
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі пойыз тамбурында соққыға жығылған сарбаз оқиғасына пікір білдірді.
— Әлеуметтік желіде пойыз тамбурында Ұлттық ұлан сарбазын ұрып-соққан видео анықталды. Бұл оқиға 2023 жылдың күзінде, қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін запасқа шығарылған мерзімді әскери қызметшілер үйіне қайтып бара жатқанда болған. Осы факт бойынша кеше, 23 қыркүйекте Қылмыстық кодекстің 440-бабы 1-бөлігі (әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынас болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастың жарғылық қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды, — деп хабарлады полиция.
ІІМ мәліметінше, бүкіл қатысушы, атап айтқанда, куәгер, жәбірленуші және күдіктілер анықталған.
— Күдіктілерді ұстауға бағытталған шаралар қабылданды. Тергеу барысы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың жеке бақылауында, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, пойыз тамбурында үш жігіттің сарбазды ұрып жатқан видеосы таяуда желіде тарады.
ҚР Президентінің кеңесшісі — Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының әскердегі әлімжеттікке қатысты Ішкі істер министріне шұғыл тапсырма жүктегенін мәлімдеді.
Жазбаға қарағанда Президент белгісіз адамдардың Ұлттық ұлан сарбазын пойыз тамбурында ұрғаны таспаланған бейнематериалмен танысып шыққан.