Пойыздардағы бейнекамералар енді қауіп туралы ескертпек

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жолаушылар пойыздарына бейнеталдау технологиясын енгізу жоспарланып отыр. Жаңа жүйе қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік бермек. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалында өткен жолаушылар пойыздарының цифрлық экожүйесінің таныстырылымында мәлімдеді.

Ұлттық тасымалдаушы пойыздарына 1350 бейнебақылау камерасы орнатылды
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

Оның айтуынша, бүгінде жолаушылар пойыздарында 4 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Олар қызмет көрсету сапасын, пойыз қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың жұмысын бақылауға, сондай-ақ түрлі оқиғалардың мән-жайын анықтауға көмектеседі.

- Егер жүйе оқиғаларды жазып алып, көрсетіп қана қоймай, қауіпті жағдайлар туралы дер кезінде ескертіп, тиісті шешім қабылдауға көмектесе алса ше? Қазір біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – деді Әнуар Ахметжанов.

Оның сөзінше, спутниктік байланыстың дамуы бейнеталдау технологиясын енгізуге техникалық мүмкіндік береді.

- Болашақта мұндай жүйе ықтимал қауіпті жағдайларды жылдам анықтауға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және тасымал жұмысын тиімді ұйымдастыруға көмектеседі. Келесі жылы бейнеталдау жүйесін енгізу жұмысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді басқарма төрағасы.

Айта кетейік, бүгінде ұлттық тасымалдаушының 51 бағыт бойынша қатынайтын 108 пойыз құрамындағы 1500-ден астам вагон Starlink спутниктік интернетімен жабдықталған. Жаңа байланыс жүйесі жолаушыларға интернет қызметін ұсынумен қатар, пойыз қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге және қауіпсіздікті арттыруға бағытталып отыр.