Пойызда жарты млн теңгеге жуық ақшаны ұрлаған қарағандылық ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері «Алматы-Петропавл» бағытындағы жолаушылар пойызында жарты миллионға жуық теңге ұрлаған 40 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көліктегі ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Алматы-Петропавл» бағытындағы жолаушылар пойызында ұрлық жасаған Қарағанды облысының 1978 жылғы тұрғыны анықталып, күдікті дереу ұсталған.
«Жолаушылар пойыздарына ілесіп жүру батальонының қызметкерлеріне 37 жастағы азамат хабарласып, оның сыртқы киімінің қалтасынан белгісіз біреу 480 мың теңгесін ұрлап кеткендігі туралы шағымданған», делінген хабарламада.
Заттай айғақ ретінде ақша тәркіленген. Күдікті өз айыбын толықтай мойындап отыр. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.