13:59, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Прага: Қазақстан Елшісі Чехия Премьер-Министрімен кездесті
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат – Чехияның Премьер-Министрі Мирек Топаланек біздің елімізге жасағалы отырған ресми сапары қарсаңында Прагада Қазақстанның Елшісі Анарбек Қарашевпен кездесу өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосына сілтеме жасап. Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Чехияның арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ ағымдағы жылдың басынан бері Чехия төраға болып отырған Еуроодақ пен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынасты және біздің еліміздің басшылығымен жасалатын алдағы келіссөздің тақырыптарын талқылады. Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін атап көрсеткен Чехия премьері, республиканың алдағы 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы да Қазақстанның айтулы беделін көрсететінін атап көрсетті. Елші өз кезегінде, Орталық және Шығыс Еуропадағы стратегиялық серіктестердің бірі саналатын Чех Республикасымен өзара қарым-қатынасты дамытудың Қазақстан үшін басымдығын айтып өтті. Дипломат Еуроодақпен ынтымақтастықты тереңдету мәселесі Қазақстанның «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы мүддесіне сай екенін жеткізді. М.Тополанек сөзін қорытындылай келе, Қазақстанға жасағалы отырған өзінің алғашқы сапары екіжақты ынтымақтастыққа қосымша серпін беретіндігіне үміт білдірді.