Пранк түсіріп, түрмеге түсуіңіз мүмкін — заңгер ескертеді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жыл басынан бері пранк жасағаны үшін 24 адам жауапкершілікке тартылған. Мұндай контент түсірер алдында нені білу керек? Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған заңгер Абзал Бекбосынов осы сұраққа жауап берді.

— Заңымызда «пранк» деген ұғым жоқ. Бірақ пранктың сипатына, ондағы әрекеттерге және оның салдарына қарай тиісті адам жауапкершілікке тартылады. Бірінші — әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ол адамға ҚР ӘҚБтК 434-бабына сәйкес айыппұл салынып, 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады. Бұл — ұсақ бұзақылыққа жатады. Сонымен қатар, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Яғни пранктың салдарынан адамның денсаулығына зиян келсе, психикалық тұрғыдан зардап шексе, мүлкіне зақым тисе, тіпті кей пранктердегідей заңсыз бас бостандығынан айырса, бұл — қылмыстық жауапкершілік. Мұның салдары бас бостандығынан айыруға да алып келуі мүмкін, — дейді студия қонағы.
Маман жапа шеккен адамдардың да құқығын түсіндірді.
— ҚР Азаматтық кодексінің 149-бабында нақты көзделгендей, бейнетаспаға рұқсатсыз түсіріп, оны жария етсе, ол адам жаза арқалайды. Және ҚР Қылмыстық кодексінде «Жеке басқа қол сұғу» деген бап бар. Ол бойынша, егер адамды рұқсатсыз бейнетаспаға түсіріп, оны жария етсе, бұл — қылмыс. Мұндай жағдайда бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал зардап шеккен адам сот арқылы бейнетаспаны өшіруді талап ете алады. Оған қоса, келтірілген моральдық және материалдық шығынды өндіру үшін арызданып, құқығын қорғай алады, — дейді ол.
Абзал Бекбосынов пранкты заң аясында түсіру үшін нені ескеру керектігін де айтып берді.
— Жасалған пранк біреуге зиян тигізбеуі керек. Адамның намысына тиіп, оның құқығы тапталмауы, денсаулығына ешқандай зақым келмеуі, психологиялық және моральдық тұрғыда жапа шекпеуі қажет. Сауатты пранк түсірілген күннің өзінде автор оны жарияламас бұрын кейіпкерден рұқсат сұрауы керек, — дейді заңгер.
Айта кетейік, өткен айда Қазақстандық блогердің аспан асты елінде түсірген бірқатар «пранк тест» видеосы қытайлықтардың ашуын тудырған еді.
Кейіннен Алматы полициясы Аружан Айбековамен жағдайға қатысты профилактикалық әңгіме жүргізді.