Премьер-Лига: «Қайрат» «Шахтерді» 6:1 есебімен ойсырата жеңді

Турнир кестесінің алғашқы бестігіне енетін қос команданың кездесуі аса шиеленісті өтті.
Алаң иелері ойын бастала салысымен ойын тізгінін өз қолдарына алып, алаңның орталығын өз бақылауында ұстады. Алайда үстін-үстін жасаған шабуылдары нәтиже бермеді. Шабуылшылардың тепкен доптары қақпадан қиыс кетіп жатты. Сол-ақ екен, қарағандылықтардың қарымта шабуылдарының бірі сәтті аяқталды. Ойынның 25-ші минутында айып алаңына қарай берілген пасқа бірінші жеткен Вичюс допты тоқтатпай қақпаға дәл бағыттады. Есеп 0:1. Осыдан кейін қайраттықтар шабуылдарын одан сайын үдетті. Кеншілердің қорғаушылары есесіне «Қайрат» командасының шабуылшыларына қарсы жиі-жиі ойын тәртібін бұза бастады. Дегенмен кезекті рет бұрыштамдан тебілген допты қорғаушы Кислицын қақпаға дәл бағыттап, есепті теңестірді. 1:1.
Екінші тайм бастала салысымен жартылай қорғаушы Бауыржан Исламханның берген пасын ұтымды пайдаланған бразилиялық шабуылшы Исаэль допты қақпада тулатты. Ойынның 49-шы минутында 2:1 есебімен «Қайрат» алға шықты. Көп ұзамай Исаэльдің өзі отандасы Жерар Гоуға тамаша пас берді. Айып алаңында қорғаушыларды қапы қалдырған Гоу допты қақпаға дәл бағыттап есепті 3:1-ге жеткізді. Бұл ойынның 57-ші минуты болатын. Қарағандылықтар есін жиғанша «Қайраттықтар» тағы да гол салды. Бірінші таймда Бауыржан Байтананың орнына алаңға кірген Аслан Дарабаев ойынның 61-ші минутында кезекті шабуылдардың бірінде Гоуға тамаша пас берді. Бразилиялық сайыпқыран бұл жолы да мүлт кетпей, дубль жасады. Есеп 4:1-ге жетті. Жанкүейерлердің стадионды бастарына көтере айқайлап қызу қолдау көрсеткендеріне шабыттанған қайраттықтар тоқтаусыз шабуылдаумен болды. Он минут өтер-өтпес кезекті шабуылды Аслан Дарабаевтың өзі сәтті аяқтап, Мокинді қападан тағы да доп алуға мәжбүр етті. Есеп 5:1. Ойын тізгінін мықтап ұстаған қайраттықтар жан аямай шабуылдаумен болды. Ойынның 75-ші минутында «Қайраттың» бразилиялық шабуылшысы Исаэль да Сильва бұл матчта өзінің екінші голын салып, дубль жасады. Есеп 6:1-ге жетті. Ойын аяқаталуға санаулы минуттар қалғанда Жерар Гоу хет-трик жасауға сәл қалды. Алайда бірнеше метр жерден тепкен добын Мокин қақпаға дарытпады. Осылайша «Қайрат» 6:1 есебімен жеңіске жетті. Алматының «Қайрат» командасы өзінің биылғы 60 жылдық мерейтойында алдына келелі міндеттер қойып отырғаны мәлім. Ол: Ел біріншілігі мен Қазақстан Кубогын жеңіп алу. Қазір команда турнир кестесінде екінші орында келеді. Ал Қазақстан Кубогының алғашқы жартылай финалында Владимир Вайсстың шәкірттері өз алаңында 16 тамыз күні осы Қарағандының «Шахтерін» қабылдап 2:0 есебімне жеңіске жеткен болатын. Қарымта матч 24 немесе 25 қыркүйекте Қарағанды қаласында өтеді.