Премьер-Министр Алматыда «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында болды

Үкімет басшысы парк аумағында жүзеге асырылып жатқан ақпараттық, инновациялық технологиялар саласындағы жұмыс істеп тұрған және жоспарланған жобалармен танысты.
Сондай-ақ инновациялық қор директорлар кеңесінің төрайымы Зарина Асланова К.Мәсімовке Паркті дамыту тұжырымдамасын таныстырды. «Біз бүгінде «Алатау» АТП АЭА тиімділігін арттыру резервтерін іздеудің үш бағыты бар екенін көріп отырмыз», деді З.ААсланова.
Атап айтқанда, ол паркті басқару жүйесін өзгерту, инфрақұрылымын одан әрі дамыту қажеттігін және «Алатау» АТП-ны ұлттық инновациялық жобаға қайта құрылымдау қажеттігін айтты.
«Парк аймақтық инновациялық хаб болуы тиіс. Біз жаңа әлемдік технологияларға бейімделіп қана қоймай, өз жобаларымызды жасауға тиіспіз. Парк қазақстандық компаниялардың жергілікті және шетелдік нарықтарға шығатын нүктесі болуы қажет», - деді төрайым.
Өз кезегінде Премьер-Министр бір ай ішінде партктің инфрақұрылымдық және инженерлік мәселелерін шешуді, индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне Кеден одағы мен қолданыстағы заңнамаларды ескере отырып, салық салу бөлігінде АТП-ны дамыту тұжырымдамасына толықтырулар енгізуді тапсырды.
Сонымен қатар, К.Мәсімов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне және Ішкі істер министрлігіне паркте жұмыс істеуі үшін шетелдік мамандарды тарту жөнінде ұсыныстар дайындауды, ал Сыртқы істер министрлігіне олар үшін ерекше визалық режим қарастыруды тапсырды.
«Сөйтіп, бізде университет (парк аумағындағы халықаралық ІТ технологиялар университеті), әлеуетті кадрлар пайда болады, біз әлеуетті жеңілдіктер жиынтығын береміз, инфрақұрылымдық мәселелерді шешеміз және мемлекеттік тапсырыс бар. Ал егер одан бәсекеге қабілетті өнім шығара алмасақ, құны көк тиын болғаны. Біз мемлекет ретінде, осындай кәсіпорындардың пайда болғанын ынталандыруымыз керек», - деді К.Мәсімов.
«Менің ойымша, Алматы осындай жобалар үшін біздің аймақтағы ең қолайлы қала. Мен біздің қолымыздан келетініне сенемін, біз сіздермен бірге осыны істей аламыз», - деп қосты Премьер.
«Сіздерге қазанның 15-іне дейін уақыт беремін, осы кезеңде бүгін көтерілген мәселелерді шешу үшін Астанада бас қосамыз», - деп сөзін қорытындылады ол.
АТП АЭА Алматы қаласынан 25 шақырым жердегі Тянь-Шань тауының етегінде 163 гектар жерде орналасқан. Қазіргі күні негізгі қызмет түрлерін жүзеге асырып отырған АЭА қатысушылары - 24 компания.