12:54, 20 Қаңтар 2011 | GMT +5
Премьер-Министр асыл тұқымды малды өсіретін мамандарды даярлау бағдарламасын әзірлеуді тапсырды
АНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Ауыл шаруашылығы министрлігіне асыл тұқымды малды өсіретін мамандарды даярлау бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Ол бұл тапсырманы министрліктің бүгін өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде берді.

Алқа мәжілісі барысында шетелден сатып алынатын асыл тұқымды малды өсіретін кәсіби мамандардың тапшылығына тоқталған Үкімет басшысы: «Арнайы дайындықсыз осы іспен айналысқан жағдайда асыл тұқымды малды өсіру жұмысы мүлдем басқа арнаға түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан министрлік жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе отырып, асыл тұқымды малды өсіретін мамандарды даярлау бағдарламасын әзірлеуі қажет. Бәлкім, біз оған мемлекеттік ресурстарды бөлетін шығармыз. Асыл тұқымды малды өсірумен айналысатын мамандардың арнайы дайындығы болуы тиіс», - деді К.Мәсімов.
Осы орайда Үкімет басшысы мамандарды даярлайтын аймақтық орталықтарды ашуды ұсынды. «Бізде 90-жылдардың тәжірибесі қайталанбауы тиіс», - деп атап көрсетті ол.