Премьер-Министр азық-түлік бағасы туралы: Әкімдіктер қабылдап жатқан шаралар жеткіліксіз

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өңір әкімдіктері инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруы қажет. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
«Барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында өсім бар. Ал, ең төмен өсу қарқыны - Ұлытау, Абай және Маңғыстау облыстарында. Тұрақты даму қарқынын ұстап тұру үшін экономиканы әрі қарай әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейту қажет. Өңір әкімдіктері жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз етіп, инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруы қажет. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруға тұрақты мониторинг жүргізуі тиіс», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында.

Сонымен қатар Үкімет басшысы бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау керектігін баса айтты.

«Биылғы жылдың қазан айында инфляция өсімі жеделдеді. Бұл процесске азық-түлік тауарлары бағасының өсуі айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұл, бірінші кезекте, әкімдіктер тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Өңірлер биылғы жылдың соңына дейін әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізіп, Мемлекет басшысы қойған міндеттердің тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет. Жылдың соңына дейін екі айдан аз уақыт қалды. Сондықтан, барлық жобаларды аяқтауға және жоспарларды іске асыруға, бюджетті тиімді игеруге күш салу қажет», - деді Премьер-Министр.

Соңғы жаңалықтар