Премьер-Министр екі аптада су тасқынынан қорғау жөніндегі шаралар жоспарын дайындауды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қыс түскенше су тасқынынан қорғау шараларын аяқтау қажет. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: primeminister.kz

Біз су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесін әдейі ерте қарап отырмыз. Көктемге дейін әлі біраз уақыт бар. Дегенмен, барлық дайындық шараларын қыс түскенше аяқтау қажет. Су тасқыны қателіктерді кешірмейді. Орындалмай қалған жұмыстар мен бөлінбей қалған қаражаттың соңы төтенше жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін», - деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-Министр биылғы көктемнің оңай болмағанын, оңтүстік және батыс өңірлерде су бұру каналдары мен арықтардың, елді мекендер маңайында тасқыннан қорғайтын топырақ үйінділерінің болмағанын еске салды.

«Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында дренаждық жүйелер қатты жауын-шашынға төтеп бере алмады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында бұрыннан бар бөгеттер мен топырақ үйінділерін су шайып кетті. Соның салдарынан тұрғын үйлерге су жайылып, қирап қалды. Ал Қостанай облысының Шилі ауылында 2020 жылы ғана күрделі жөндеу жүргізілген бөгет қирап қалған. Кей жерлерде қарды уақытылы шығарып, арықтарды тазартып тұруға жете мән берілген жоқ», - деді Үкімет басшысы.

Ә. Смайылов Төтенше жағдайлар министрлігіне екі апта ішінде халықты су тасқынынан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындауды тапсырды.

«Бұдан басқа, қазіргі Жол картасын іске асыруды аяқтау қорытындысы бойынша оның орындалуына талдау жүргізіп, Үкімет аппаратына есеп беруі қажет. Өңір әкімдері су тасқынына дайындық шараларын алдын ала және сапалы өткізуді қамтамасыз етуі қажет. Халық су тасқынынан қорғау шараларының орындалмағаны туралы үнемі шағымданады. Күз соңына дейін елді мекендерді үйіндімен қоршау, құбырлар мен арықтарды тазарту, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін тексеру және су бұру арналарын дайындау жұмыстарын аяқтау қажет», - деп тапсырма берді Ә. Смайылов.


Соңғы жаңалықтар