Премьер-Министр электрондық мемлекеттік сатып алулар ақпараттық жүйесінің жұмысымен танысты

АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қаржы министрлігінде болып, электрондық мемлекеттік сатып алулардың ақпараттық жүйесінің жұмысымен танысты,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Үкімет басшысына «on-line» режімінде www.goszakup.kz порталындағы электронды мемлекеттік сатып алулардың ақпараттық жүйесінің қалай жұмыс істейтіндігі көрсетілді. Бұл жүйені дамытудағы негізгі міндет ? жүргізілетін сауда-саттықтарды барынша ашық етіп, сату процедураларын жетілдіру және жеткізушіні таңдау кезінде адами факторларды азайту.Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, электрондық үкіметтің құрамдас бөлігінің бірі электрондық мемлекеттік сатып алуларды енгізу бойынша министрлік ауқымды жұмыс жүргізген. «Өткен жылы министрлік электрондық мемлекеттік сатып алулар жүйесінің тәжірибелік пайдалану жұмысын бастады. Біз баға ұсыныстары әдісімен сатып алуларды жүргіздік. Сонымен қатар, сатып алуларға тағы бірқатар мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, мекемелер қосылды. Электрондық мемлекеттік сатып алулардың әсері айтарлықтай болды. Министрлікте баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен өткізілген электронды мемлекеттік сатып алулардың қорытындысы бойынша, 2008 жылы жоспарланған бюджет сомасының 21,8 пайызын үнемдеуге қол жеткізілді», деді министр. 2008 жылы Мемлекеттік сатып алулар туралы заңға өзгерістер енгізілгенін еске салған Б. Жәмішев: «Заң бойынша 2009 жылдан бастап барлық мемлекеттік органдар баға ұсыныстарына сұрау салу тәсілімен электронды сатып алуларға көше алады. Бұдан бөлек Қаржы министрлігінің стратегиялық жоспары 2009 жылы мемлекеттік сатып алулардың тең жарымын баға ұсыныстары тәсілімен өткізуді көздейді», деді. Қаржы министрлігіне қарасты Электрондық коммерция орталығының бас директоры Сұлтанжан Ахметовтың айтуынша, портал «біртұтас терезе» қағидаты бойынша әзірленген. Онда бір жағынан тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылар алдағы мемлекеттік сатып алулар туралы жарнаманы, өздерінің жылдық жоспарларын және жүргізілген сауда-саттықтың қорытындысын орналастыра алады. Ал екінші жағынан әлеуетті жеткізушілер республика бойынша алдағы жүргізілетін мемлекеттік сатып алулар туралы толық ақпарат ала алады, сауда-саттыққа қатысуға кез-келген сәтте өтінім береді және қажет жағдайда сауда-саттықтың қорытындысын ол өткізілгесін дереу көре алады. «Жүйедегі жүргізілетін іс-әрекеттердің қауіпсіздігі мен нақтылығы цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы қамтамасыз етілген. Пайдаланушыда цифрлық қолтаңба болса, жүйе оны автоматты түрде танып, оған сауда-саттыққа қатысуға мүмкіндік береді. Аталмыш функция ұлттық куәландырушы орталықпен ықпалдастыру арқылы іске асырылған. Цифрлық қолтаңбаны кез-келген Халыққа қызмет көрсететін орталықтан жеке куәлікті көрсетіп, 5 күннің ішінде оп-оңай алуға болады. Ал, порталға 10 минөттің ішінде тіркелуге болады. Содан кейін сіз сауда-саттықтың толыққанды қатысушысы бола аласыз», деді С. Ахметов. Айта кетейік, Үкімет басшысы электронды мемлекеттік сатып алулар жүйесін әзірлеу жөнінде Қаржы министрлігінің былтырғы жылғы алқа мәжілісінде тапсырма берген болатын.
Соңғы жаңалықтар