Премьер-Министр: Халық әлі де сапалы медициналық көмек ала алмай келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халық әлі де сапалы медициналық көмек ала алмай келеді. Бұл туралы бүгін алғашқы медициналық көмектің сапасын жақсарту мәселелерін қаралған Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Бізде денсаулық сақтау ұйымдары желісі дамыған, оны жақсы білесіздер. Дегенмен халық, әсіресе, ауылдық жерлерде әлі де болса сапалы медициналық көмек ала алмай келеді. Негізгі себептерін министр өз баяндамасында айтты. Оның қайталаудың қажеті жоқ. Сондықтан да бүгінгі министр ұсынған медициналық көмек сапасын жақсарту бойынша шараларды жалпы қолдайық. Денсаулық сақтау министрлігіне өңірлермен бірлесіп, ұсынылған шаралардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.

Осы ретте Премер-Министр күні кеше Петропавл қаласында болып, жаңадан салынып жатқан шағын ауданның құрылыс жұмыстарымен танысқанын атап өтті.

«600-дей ескі үй сүріліп, орнына үлкен шағын аудан салынуда, 2 мыңдай пәтер дайын болады. Сонда қарап отырсаңыз, сол үйде тұратын адамдардың емханаға тіркелгендер саны артып, дәрігерлерге жүктеме артады деген сөз. Ал салынып жатқан үйлердің бірінші қабатында, жанында шағын емханалар жоспарланбаған. Қазір барлық облыс орталығында Елбасының тапсырмасымен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көп үйлер салынып жатыр. Олардың да ешбірінде шағын емханалар жоспарланбаған», - деген Бақытжан Сағынтаев бұл мәселені орынбасары Ерболат Досаевқа шешуді тапсырды.

Сонымен қатар, бірінші орынбасары Асқар Маминге жаңа үйлерді жоспарланған кезде бірінші қабаттарында балабақша мен шағын емханалар болуын қадағалауды ескертті.

«Кәсіпкерлер инвестиция тартуға ниетті, осы бағытта жұмыс жүргізуіміз қажет. Мұнан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі мен Ақпарат министрлігі және әкімдіктер бірлесе отырып, медицинадағы реформалар, адамдардың сапалы медициналық көмек алуын жөнге келтіретін жаңа технологиялар туралы халық арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Бұл жұмыс толыққанды жүрмей отыр. Осыған баса назар аударыңыздар», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар