11:13, 12 Наурыз 2013 | GMT +5
Премьер-Министр қадағалаушы меморгандардың шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруінің заңдылығын зерделеуді тапсырды
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов қадағалаушы мемлекеттік органдардың шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруінің заңдылығын зерделеп шығуды тапсырды.

«Мен Өңірлік даму министрлігіне «Атамекен» Одағы» ұлттық экономикалық палатасымен келісе отырып, 2012 жылдың және І тоқсанның қорытындысын сараптауды тапсырамын. Атап айтқанда, біз барша қадағалаушы және құзырлы органдардың, оның ішінде құқық қорғау органдары тарапынан шағын және орта бизнес субъектілерін тексерудің жүйелілігі мен заңдылығы мәселесін қарастырып шығайық», - деді Премьер-Министр.
Өз кезегінде өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстанда берілетін барша рұқсатнамаларды талдау бойынша министрлікте жұмыс тобы құрылғандығын жеткізді.
Оның сөзіне қарағанда, 800 рұқсатнаманың 260-сы сараптамадан өткізілді. Ал қалғандары бойынша жақынарада тиісті жұмыстар аяқталады деп жоспарлануда.