Премьер-Министр «ҚазАгро» холдингіне ауылшаруашылық техникаларын сатып алу үшін банктердің «Несиелік желілерін» пайдалануды тапсырды

АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр К. Мәсімов «ҚазАгро» холдингіне ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды сатып алу үшін еліміздегі екінші деңгейлі банктердің «Несиелік желілерін» пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырды.
None
None
Бұл міндет бүгін, Үкімет отырысында жүктелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыста көптеген банктерде, оның ішінде Үкімет жұмыс жүргізіп жатқан жүйе құрушы ірі төрт банкте ауылшаруашылық техникаларын сатып алатын несиелік желілер бар екендігіне тоқталған Премьер-Министр: «Техникаларды сатып алу үшін «қолма-қол ақшаны» пайдаланудың қажеті жоқ. Сондықтан «ҚазАгро» холдингіне жүйе құрушы төрт банкпен және басқа да банктермен осы мәселені пысықтауды тапсырамын»,- деді. Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі дағдарыс жағдайында елімізден валюталарды сыртқа мейлінше аз шығару қажет. «ҚазАгро» холдингінің басшысы Асылжан Мамытбековтың сөзіне қарағанда, Ұлттық холдингтің қаржысынан бөлек «ҚазАгроҚаржы» компаниясы 6,8 млрд. теңгеге ауылшаруашылық техникалары мен жабдықтарын сатып алып жатыр. Қазіргі таңда Германияда, АҚШ-та және Канадада жасалған 110 егіс жұмыстарын жүргізетін кешенді, Харьков трактор зауытының 209 беларус тракторын және К-744 тракторын және басқа да ауылшаруашылық техникаларын жеткізу жөнінде келісім-шарттар жасалған.
Соңғы жаңалықтар