19:37, 08 Шілде 2010 | GMT +5
Премьер-Министр Петропавлдағы Абылай хан ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
ПЕТРОПАВЛ. Шілденің 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары ауқымында Петропавлдағы «Абылай хан ордасы» мұражай кешенінде болып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Үкімет басшысы мұражай жәдігерлерімен танысып, құрметті қонақтар кітаптарына ескерткіш қолтаңба қалдырды.
Республикалық маңыздағы 1829 жылы салынған тарихи ескерткіш - «Абылай хан ордасы» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1982 жылғы қаулысымен қорғауға алынған.
Жалпы ауданы - 1158,0 шаршыметр. Кешенге 2-қабатты кірпіш үй, қосымша ағаштан салынған құрылыстар: кеңсе, қонақүй, монша, «Абылай хан ат үстінде» мүсіндік композициясы кіреді.
Мұражай кешенінде 4 зал бар: Абылайдың өмірі кезеңдері (1711-1770 жж.), Абылайдың жатын бөлмесі, тақ залы, Абылай - ұлы мемлекеттік қайраткер (1770-1781жж.).