Премьер-Министр шетелдерден елімізге тасымалданып жатқан мал басының генетикалық жағдайын тексеруді тапсырды

Үкімет басшысы өз сөзінде жақында елімізге сапармен келген Украина Премьер-Министрі мал шаруашылығы бойынша кеңес бергенін атап өтті. Украина шетелдерден мал басын жиі сатып алып жүрген көрінеді. Олардың алғашқы ұрпақтары жақсы болған. Ал генетика бойынша аталған малдың төлдері күткен нәтижедей өнім берген жоқ. «Шетелдерде генетикалық тұрғыда алғашқы ұрпақтары ғана тиімді болатын малдар өсіріліп шығарылатын көрінеді. Біздің украиналық әріптестер осы бағытта шығынданған екен",- деді К.Мәсімов. Осыған байланысты Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне генетикамен айналысатын халықаралық және отандық компаниялармен қарым-қатынасты жолға қою керектігін жүктеді. Бұл шаралар елімізге тасымалданып жатқан мал басының генетикалық жағдайын тексеру үшін атқарылмақ. «Елімізде мал шаруашылығын дамытудың ауқымды бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл бағытта елеулі ресурстар бөлінді. Осы мәселе бойынша шығынға түспейтін болайық. Бұны ұдайы қадағалауды тапсырамын»,- деді Премьер-Министр Асылжан Мамытбековке қаратып айтқан сөзінде.