Премьер-Министр Шымкенттегі «Оңтүстік» индустриалды аймағын аралады

Тұрғын үй құрылысына байланысты атқарылған шаруаларға қаныққан Үкімет басшысы «Shymkent Тemir» ЖШС-ға аялдады. Келешекте болат шығаратын кәсіпорынның құрылысы 2017 жылы басталған. Ол ағымдағы жылдың сәуір айында іске қосылады. Жобаға тартылған инвестиция көлемі - 4,85 млрд теңге. Жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорын 150 адамды жұмыспен қамтымақ. Жоспар бойынша дайын өнім Орталық Азия елдеріне экспортталатын болады.
Жоба ҚР Индустриалды-иновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылуда. Зауытқа тауар тасымалдауға арналған теміржол рельстері тартылған. Одан бөлек, қуаты 63 МВт-тық электр стансысы салынды.
Айта кетейік, жалпы оңтүстікте 2015-2019 жылдарға арналған Индустриалды-иновациялық даму бағдарламасы аясында құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 137 жоба жүзеге асырылатын болады. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Еске салайық, бүгін Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Сарыағаш ауданында бірқатар нысандарды аралап, ауылшаруашылық мамандарымен кездесті. Кейін Шымкентте салынып жатқан «Shymkent Сity» қалашығының құрылыс барысымен танысты.