Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б. Сағынтаев Атыраудағы бірнеше нысандарда болды

Өңірлік даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірінші вице-премьер түске дейін Атырау қаласындағы бірқатар нысандарға барды, оның ішінде Атырау қаласының сол жағалау бөлігіне арналған кәріздік тазарту құрылыстары кешені және «Амангелді» балық шаруашылығы өндірістік кооперативінде болды. Бүгінгі күні кооперативтің жылына 850 тонна қақталған балық өндіретін, балық аулау маусымында тәулігіне 93 тоннаға дейін балықты қабылдауға және тоңазытуға мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта шығарылып жатқан балық өнімінің ассортименті - тоңазытылған, қақталған балық, балықтың жон еті.
Бірінші вице-премьер Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектерін өндіру кешенін және мұнайды қайта өңдеу кешенін салу жөніндегі жобаларды іске асыру барысымен танысты.
Хош иісті көмірсутектерін өндіру кешенін келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр. Құрылыс өз қаражаты есебінен және «Қазақстанның даму банкі» АҚ-тың/Қытайдың Экспорт-импорт банкінің қарыз қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр. Құрылыс кезеңінде 2140 адам жұмыс істейді, ал пайдалану кезеңінде 319 жұмыс орны ашылатын болады. Жоба мұнай химияға арналған шикізатты өндіруді көздеп отыр, сонымен жоғары октан бензинін өндіру көлемін жылына 124 мың тоннаға жеткізу, ал мұнайды қайта өңдеу кезінде қуатын жылына 5 млн. тоннаға дейін өсіру жоспарланып отыр.
Мұнайды тереңдетіп қайта өңдеу кешенінің құрылысы өткен жылы басталған. Жобаға 16 жаңа технологиялық қондырғылар және жалпы зауыт шаруашылығы объектілерінің құрылысы кіреді. Жоба мұнайды қайта өңдеудің тереңдігін 85 пайызға дейін ұлғайтуды және мұнайды тиімді қайта өңдеуді қамтамасыз етуді көздейді.
Одан кейін Бақытжан Сағынтаев Солтүстік Каспий экологиялық әрекет ету базасына барды. База Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік бөлігінде мұнайдың тасқынына шұғыл әрекет ету жөніндегі қызметтерді көрсетеді. Солтүстік Каспий экологиялық әрекет ету базасының негізгі мақсаты теңіз кен орындарын пайдалану кезінде Орал өзенінің сағасын және Каспий теңізінің солтүстік бөлігі жағасының бойындағы қамыс қопаны қорғау болып табылады.
Сондай-ақ, бірінші вице-премьер «Эталон» жарнама агенттiгiнiң қызметiмен танысты. «Эталон» жарнама агенттігінің Атырау қаласында өндірістік базасы бар. База интерьер баспасына арналған кең форматты принтерлермен, неон шығаратын шағын зауытпен, лазер-фрезерлейтін жабдықтармен қамтамасыз етілген, бұл өнімді шығару мерзімін барынша қысқартуға мүмкіндік береді.
Күннiң екiншi жартысында Б.Сағынтаев «Жайық Балық» ЖШС-на және «Атырау бекіре балық зауыты» РМК-ға барды. Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары ТҚШ жаңғырту бағдарламасының шеңберінде жүргізілген қаладағы жұмыстармен танысты.
Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдігіндегі кеңесте іссапарды қорытындылады. Кеңесте ҚР бірінші вице-премьері өңірдің негізгі даму басымдықтарын белгіледі және орталық билік органдарының және облыс әкімдігінің тарапынан шұғыл шешім қабылдауды талап ететін проблемалық мәселелерді талқылады. Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдардың міндеті халықтың кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыру үшін барынша жағдай жасау екенін атап көрсетті. Осыған байланысты, ҚР бірінші вице-премьері облыс әкімдігіне жан-жақты шара қабылдауды және «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына облыстың кәсіпкерлерін тарту жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.
«Мұнай және газ, Өңірлік даму министрліктерімен, «Даму» қорымен бірлесіп «Теңізшевройл» компаниясы және басқа ірі компаниялардың аясында осы жылы шағын және орта бизнес жобаларын іске қоса отырып, серіктестік бағдарламасын іске асыру жөніндегі мәселені пысықтау қажет. «Даму» қорымен бірлесіп ағымдағы жылы Атырау қаласында және облыстың барлық аудандарында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын, сондай-ақ Құлсары қаласында бизнес-инкубаторды ашу қажет»,- деп қорытындылады өз сөзін ҚР бірінші вице-премьері.