Премьер-Министрдің орынбасары Білім және ғылым министрлігіне жергілікті жерлермен тығыз байланыста жұмыс істеуді жүктеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев ҚР Білім және ғылым министрлігіне жергілікті жерлермен тығыз байланыста жұмыс істеуді жүктеді.
«Қазіргі мүмкіндіктер мен жағдайды ескере отырып, білім саласының Елбасы жүктеген тапсырмаларды орындауға барлық мүмкіндігі бар. Ол үшін күнделікті жұмысты белсенді атқарып, талдау мен бақылау қажет. Менің ойымша, ең негізгісі - қазіргі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігі өзге ведомстволармен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, сондай-ақ ең бастысы, жергілікті жерлермен жұмыс істеуі керек»,-деді Үкімет басшысының орынбасары.
Осы орайда Б. Сапарбаев ведомствоның өңірлермен жұмыстары тиісті деңгейде атқарылмай отырғандығын сынға алды.
«Сонымен қатар оқулықтар мен стандарттар мәселесіне тоқталатын болсам, бұл бағыттағы жұмыстарға министрліктің шенеуніктері ғана емес, білікті мамандар да араласуы керек. Елімізде жақсы мамандар баршылық»,-деді вице-премьер.