18:59, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Премьер-Министрдің орынбасары С Ахметов Үндістан Республикасының Индустрия және сауда министрі А. Кумарды қабылдады
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметов Үндістан Республикасының Индустрия және сауда министрі Ашвани Кумарды қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімет баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында үнділік делегацияның индустрия және сауда, энергетика және минералдық ресурстар, денсаулық сақтау министрліктері мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен өткен келіссөздерінің қорытындысы әңгіме болды. Премьер-Министрдің орынбасары ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 2009 жылдың қаңтарының 23-26-сы аралығында Үндістанға жасаған сапарында стратегиялық әріптестікті тәжірибелік мазмұнмен толықтыру жөніндегі Декларацияның негізінде «жол картасын» әзірлеуді ұсынғанын атап өтті. Мұндай «жол картасы» биыл қабылдануы мүмкін. Құжаттың негізгі өлшемдері Астанада өткелі отырған қазақстан-үнді үкіметаралық комиссиясының 7-ші отырысы аясында айқындалуы тиіс. Сондай-ақ тиісті келісім жобасын қол қоюға әзірлеуді көздейтін атом қуатын бейбіт жағдайда қолдану саласындағы ынтымақтастықтың да маңыздылығы атап өтілді. Үндістан Республикасының Индустрия және сауда министрі А.Кумар үнді жағы келісім жобасын дайындау жұмысы бір ай ішінде аяқталатынына үміттенетінін жеткізді.
Ол сонымен қатар, Астанада өткен келіссөздер барысында энергетика, биотехнология салалары мен дәрі-дәрмек өнеркәсібін дамытуға қатысты нақты жобалар ұсынылғанын атап өтті.