Премьер-лига: «Ақтөбе» мен «Ордабасы» қарсыластарына есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 19-турында «Ақтөбе» мен «Ордабасы» қарсыластарына есе жіберіп қойды.

Ордабасы
Фото: arena.olimpbet.kz

Ақтөбелік клуб өз алаңында Семейдің «Елімайымен» кездескен еді. Ойын алаң иелері үшін сәтті басталған еді. Небәрі 3-минутта қарсыластар қақпасына белгіленген пенальтиден ақтөбелік қорғаушы Әлібек Қасым мүлт кеткен жоқ.

Одан семейлік клубтан Самюэль Одеоибо 31, Аслан Дарабаев 53, Роман Мұртаазев 94-минутта үш голмен жауап қайырды.

Осылайша «Ақтөбе» қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберіп қойды. 

Айта кетсек, қатарынан төрт кездесуде жеңіске жете алмай келеді.

Сондай-ақ «Ордабасы» сырт алаңда Қызылорданың «Қайсарына» 1:2 есебімен жол берді.
Ойынның бірінші кезеңінде 16-минутта шымкенттік клубтан Игорь Пластун мергендік танытты. Қызылордалық клубтан оған Думан Нәрзілдаев 65, Виталий Приндета 70-минутта екі гол соғып кетті.

Ал «Тобыл» мен «Атырау» командалары 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Енді 1 қыркүйекте 18:00–де «Жетісу» (Талдықорған) мен «Тұран» (Түркістан), 20:00–де «Шахтер» (Қарағанды) мен «Жеңіс» (Астана) жасыл алаңға шығады. 

Соңғы жаңалықтар