Премьер-лига: «Қайрат» бірінші орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 21-турының алғашқы ойын күні өтті.
Бұл күні Алматының «Қайраты» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады.
Алматылық клуб соңғы екі турда жеңіске жете алмай келеді. Алдымен Қостанайдың «Тобылымен» 2:2 есебімен тең түссе, одан кейін елордалық «Астанаға» 0:1 есебімен жол берді.
Биыл жүлделі орынның біріне ие болуды алдына мақсат еткен «Қайрат» үшін бүгінгі кездесуде үш ұпай олжалау маңызды еді. Оған қоса аталған қарсыласына алғашқы айналымда 0:1 есебімен есе жіберген еді.
Кездесу барысында алматылық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысты. Соған қарамастан бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
«Қайрат» сапынан Георги Зариа 86-минутта соққан жалғыз гол ойын тағдырын шешті.
Алматылық клуб қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ алғашқы ойын күнінде «Атырау» өз алаңында елордалық «Жеңістен» 2:1 есебімен басым түсті.
Енді 22 қыркүйекте «Тұран» (Түркістан) мен «Қызылжар» (Петропавл), «Шахтер» (Қарағанды) мен «Елімай» (Семей), «Тобыл» (Қостанай) мен «Ақтөбе» жасыл алаңға шығады.