Премьер-лига: «Қайрат» пен «Тобыл» тең ойынға қанағат білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі 18-турында «Қайрат» пен «Тобыл» тең тарқасты.

Кездесу барысында алматылық футболшылар алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 20-минутында алматылық клубтан Жоао Паоло өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.
Өз қақпасына гол жіберіп алған қостанайлық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды.
Дегенмен бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде «Тобыл» футболшылары қатарынан екі гол соғып кетті. Оны Ахмед Эль-Мессауди 53, Давид Энен 73-минутта өзінің еншісіне жазды.
Үш ұпай қолынан сусып бара жатқан «Қайрат» шабуыл шебін күшейтті. Олардың қатарынан Андрей Ульшин 96-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Осылайша командалар 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Аталған турдың алғашқы ойын күні, 24 тамызда «Атырау» Қарағандының «Шахтерін» 1:0, Семейдің «Елімайы» Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1 есебімен жеңсе, «Қайсар» (Қызылорда) мен «Жетісу» (Талдықорған) 0:0 есебімен тең тарқасты.
Дәл қазір «Ордабасы» (Шымкент) мен «Ақтөбе» кездесуі басталды. Әзірге есеп - 0:0.
Бұл турдағы «Жеңіс» (Астана) мен «Астана» кездесуі 29 қыркүйекке шегерілді.