Премьер-лига: «Ордабасы» бірінші орынға көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 23 маусымда футболдан Қазақстан Премьер-лигасының он екінші турында шымкенттік «Ордабасы» елордалық «Жеңістен» басым түсті.

«Ордабасы»
Фото: Кazfootball.kz

Кездесу барысында елордалық команда алғашқы болып есеп ашты. Олардың қатарынан Марин Беланчич 16-минутта есеп ашқан еді.

Ойынның 46-минутында «Ордабасы» шабуылшысы Дембо Дарбо таразы басын теңестірді.

Ал Режиналдо 47-минутта шымкенттік клубты алға шығарса, Еркебұлан Тұңғышбаев 81-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.

Аталған турдағы тағы бір кездесуде «Атырау» мен «Тобыл» 1:1 есебіне қанағат білдірді. 

Дәл қазір «Ақтөбе» мен «Шахтер», «Тұран» мен «Елімай» кездесуі өтіп жатыр.

Сондай-ақ 22 маусымда «Қайсар» сырт алаңда «Жетісуды» 2:1 есебімен жеңсе, «Астана» «Қызылжардан» 1:0 есебімен басым түсті.

Соңғы жаңалықтар