Премьер-министр: 8 трлн теңгеден асатын өтінім бюджеттен алынып тасталды
АСТАНА. KAZINFORM – AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет маңызы аз шығындарды қысқарту және бюджетті оңтайландыру жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

– Бюджет шығындарына қатысты айтар болсақ, біз оларды қысқарту қажет екенін түсініп отырмыз және осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мысалы, 2025 жылдың бюджеті қалыптастырылған кезде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің маңызсыз шығындарға қатысты өтінімдері алынып тасталды. Жалпы 34 трлн теңгеге өтінім келіп түсті, соның ішінде біз тек 25 трлн 700 млрд теңгесін ғана қанағаттандырдық, – деп атап өтті Премьер-министр.
Олжас Бектенов Үкіметте шығындарды оңтайландыру жұмысы тұрақты негізде жүргізіліп отырғанын атап өтті.
– Әрине, мемлекеттік органдардың ағымдағы шығындары үнемі қайта қаралып отырады. Біз экономикалық тиімсіз шығындарды қысқартамыз, – деп атап өтті Премьер-министр.
Сонымен қатар Премьер-министр Олжас Бектенов тарифтік реформаны жалғастыру және энергетика мен коммуналдық секторларда Ұлттық жобаны жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
– Бұл жұмыс 2023 жылы басталып, 2024 жылы жалғасын тапты және биыл да жүргізіліп жатыр. Екі жарым жыл ішінде инженерлік инфрақұрылымды, жылу көздерін, түрлі желілерді жаңғыртуға 600 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде тозу деңгейі 6,2%-ға төмендеді. Қиындықтарға қарамастан, біз бұл жұмысты жалғастыруға ниеттіміз, өйткені қазіргі заманға сай жаңғыртылған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін қалыптастырғымыз келеді, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жалғасы болып табылатынын айтты.
– Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба қабылданды, іске асырылып жатыр. Ол «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын 2029 жылға дейін жалғастыруды көздейді. Ұлттық жоба аясында қабылданып жатқан шаралардың арқасында біз тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз. Бұл, біздің ойымызша, қалыпты жағдайға жеткізіп, күзгі-қысқы кезеңді тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Бұл жұмысты жалғастыруға ниеттіміз, – деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдап, Парламентке енгізгенін мәлімдеді.