Премьер-министр базарларды цифрландыруды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Сауда базарларын цифрландыру мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Премьер-министр базарларды цифрландыруды тапсырды
Фото: Алмат әкімдігі

— Сауда саласында өсімді одан әрі қамтамасыз ету үшін нақты тапсырмалар беріліп, Өңірлік жол карталары бекітілді. Әкімдіктерге оларды сапалы жүзеге асырып, тауар айналымын арттыру бағытында белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов. 

Премьер-министр сауда базарларын цифрландыру мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігін баса айтты. 

— Бүгінде елімізде 600-ге тарта базар жұмыс істейді. Олар микро және шағын бизнес үшін аса маңызды инфрақұрылым болып табылады. Цифрландыру кәсіпкерлік қызметті заңдастырып, салық базасын ұлғайту мақсатында базарлардың жұмысын айқын көруге мүмкіндік береді. Сауда министрлігіне Жасанды интеллект министрлігімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, цифрландыру үдерісін жеделдетіп, тиісті ақпараттық жүйе құруды тапсырамын, — деді Үкімет басшысы.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов отандық өнімді шетел нарығына шығарудағы кедергілерді азайтуды тапсырған еді.