Премьер-министр мерекеде ТЖМ күштеріне өрт қауіпсіздігіне баса назар аударуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында айтты, деп Үкіметтің баспасөз қызметі жазды.

түтін датчигі
Фото: Ақмола облысы ТЖД

Мереке күндері өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де көңіл аударылды. Іс-шаралардың басым бөлігі адамдар көп жиналатын нысандарда, сондай-ақ ойын-сауық және қоғамдық орындарда өтеді. Оның ішінде пиротехникалық өнімдер де қолданылады. Бүгінде айналымнан 700 бірліктен астам және 97 қорап сертификатталмаған пиротехника алынды. Мереке қарсаңында тағы бір мәрте «Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шараларын өткізу тапсырылды. Оның аясында пиротехникалық өнімдерді сақтау және сату орындарына рейдтер ұйымдастырылатын болады.

— Өрт қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз етуге баса назар аударылды. ТЖМ күштерімен адамдар көп жиналатын 7 мыңнан астам нысанға тексеру жүргізілді және өрт қауіпсіздігі бойынша анықталған заңбұзушылықтар жойылды. Жаңа жылдық іс-шаралар өткізілетін орындар тексеріліп, пайдалануға рұқсат берілді. Халықтың әлеуметтік осал санатындағы азаматтар тұратын тұрғын үйлерде өртке қарсы датчиктерді монтаждау жалғасуда. Қазіргі уақытта 36 мыңнан астам қорғаныс құрылғылары орнатылған, — делінген хабарламада.

Премьер-министр іс-шаралар өткізілетін нысандардағы қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етуді тапсырды. Осы мақсатта нысандарда алдын ала тексеру, қызметкерлерге тиісті нұсқаулар беру, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу қажеттігіне назар аударды. Әсіресе өрт сөндіру құралдары мен гидранттардың жарамдылығын тексеру қажет. Ауа райына қарамастан, адамдар көп жиналатын нысандарға баратын жолдар тәулік бойы ашық болуы керек. ТЖМ мен ІІМ бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауы тиіс. Сонымен қатар адамдарды шұғыл эвакуациялау бойынша іс-қимылдарды пысықтап, қажет болса, қосымша оқу-жаттығуларын өткізу қажет.

Айта кетейік, бұған дейін Олжас Бектенов алдағы мерекеде ішкі істер органдарына қоғамдық тәртіпті қорғауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар