Премьер-министр Петропавлдағы сорғы станциясына барды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Петропавл қаласындағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан сорғы станциясында болды. KAZ Minerals Тобы бұл жоба үшін 3,1 миллиардтан аса қаржы бөлген болатын.

«Stonehenge construction» мердігерлік ұйымының директоры Әлібек Серіков жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталғанын мәлімдеді.
— 30 қазанға дейін құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Біз жалпы құны 2 миллиард теңге шамасындағы шетелдік құрал-жабдықтарды алдырдық. Қуатты сорғылар су басқан жағдайда да жұмыс істей береді. Ақауларды анықтау және технологиялық құрылғыларды монтаждау жүріп жатыр. Жұмыс белгіленген мерзім — мамырдың аяғында немесе одан ерте аяқталады. Жобаны екі кезеңге бөлдік. Су басқан жағдайда да жұмыс тоқтамайды, — дейді Әлібек Серіков.

Сорғылардың қуаттылығы секундына 1,5 тонна суға тең. Олар құрғақта да, судың астында да бірдей жақсы жұмыс істейді. Сонда да сақтық үшін құрылғы төрт метр биіктікке көтерілген.

Өткен көктемдегі тасқында қала үшін маңызы зор бұл нысан су басқан аймақта қалған еді. Соның салдарынан станция апатты жағдайда жұмысын тоқтатып, Петропавл бірнеше күн сусыз қалды. Орын алған мәселе туралы білген KAZ Minerals алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбау үшін станцияны технологиялық жабдықтауға көмек қолын созды.
— KAZ Minerals Тобы Солтүстік Қазақстан облысындағы былтырғы су тасқынының салдарын жою және қаланың инфрақұрылымын жетілдіруге арналған бастамаларды қолдады. Атап айтқанда, KAZ Minerals аймақтағы стратегиялық маңызды нысан — сорғы станциясының жөндеу жұмысына 3 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсады. Сонымен қатар, біздің компания баспанасыз қалған азаматтарға пәтер сатып алу және жеке үй салуға да ақша бөлді, — дейді «KAZ Minerals Management» ЖШС әкімшілігінің жетекшісі Ғалым Аманжолов.

KAZ Minerals компаниясының көмегімен су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 564 пәтер сатып алынды. Топ «Бірлік» шағын ауданында 80 тұрғын үйдің құрылысы мен 420 үйдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын (су жүйесі мен канализация) қаржыландырды. KAZ Minerals тек адамдарды ғана емес, жануарларды да қараусыз қалдырған жоқ. Компания су тасқынынан аман қалып, уақытша тұраққа жеткізілген үй жануарларына жем сатып алуға демеушілік көмек көрсетті.
Осыған дейін Премьер-министр Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізгенін жаздық.