Премьер-Министр: Цифрландыру жұмысшыларға жаңа мүмкіндіктер береді
АСТАНА. KAZINFORM – AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын цифрландыру, білім беру инфрақұрылымын дамыту және Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы міндеттердің орындалуы туралы баяндады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Үкімет басшысы өнеркәсіп саласына заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларға сәйкес жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. «Qarmet» АҚ компаниясында шахталар мен байыту фабрикаларын үйлестірудің цифрлық жүйесі енгізілді, газ жағдайына тәулік бойы бақылау мен жұмысшылардың орналасқан жерін қадағалау мүмкіндігі жасалған. «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінде» SafeStart жобасы енгізіліп, жарақаттану деңгейі 30 пайызға төмендеді. ERG компаниясының «Восточный» кенішінде жүкті өзі түсіретін роботтандырылған техника пайдаланылуда. «Қазақмыс» кәсіпорындарында жерасты сымсыз радиобайланыс жүйесі іске қосылды.
Олжас Бектенов цифрландыру жұмыс орындарын қысқартпайтынын, қызметкерлерді қайта оқыту арқылы жаңа бағыттарға бейімдейтінін атап өтті. Бұл Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы Президент тапсырмаларымен үндес.
Премьер-Министр ауыл шаруашылығы Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін айтты. Көктемгі дала жұмыстарына қаржыландыру көлемін екі есе ұлғайтудың арқасында шаруалар науқанды сәтті аяқтады. 15 өңірде егін орағы жүріп жатыр, қазіргі таңда 6 млн тоннадан астам астық бастырылды, бұл жалпы көлемнің шамамен 30 пайызы. Көкөністердің де өнімділігі жоғары. Жаңа өнімді сақтау үшін қоймалар жеткілікті.
Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 80 еліне экспорттайды, оның 52 пайыздан астамы қосылған құны жоғары өнімдер. Өнімділікті арттыру үшін агротехнологиялар енгізілуде: тыңайтқыш қолдану көлемі екі есеге артты, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары күшейтілді. Отандық техника өндірушілерді қолдау бағдарламасы арқылы 160 млрд теңгеден астам сомаға 7 мыңға жуық техника лизингке берілді.
Мал шаруашылығында да ілгерілеу бар: 3,5 мыңнан астам қазақстандық кәсіпорын шетелдік импорттаушылардың тізіліміне енгізілді. Бірқатар өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобалары іске асырылып жатыр. Солтүстік Қазақстанда бидайдан глютен мен биоотын, Алматы облысында жүгеріден крахмал өндіріледі. Қостанай, Түркістан, Жамбыл облыстарында және Астана қаласында лизин, глютен, биоэтанол, глюкоза-фруктоза шәрбаты шығаратын жаңа өндірістер іске қосылады.
«Барлық әлеуметтік міндеттемелер толық орындалуда. Келесі жылы әлеуметтік шығыстардың құрылымын оңтайландыру жүргізіледі. Қаражатты әділ бөлу үшін мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасы әзірленді. Мақсат – табысы жоғары отбасыларға көрсетілетін көмекті тоқтатып, қаражатты шынымен мұқтаж жандарға бағыттау», – деді Премьер-Министр.
Бұл үшін скоринг жүйесі сынақтан өткізілуде: Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында пилоттық жоба іске қосылды. Кейін жүйе барлық өңірге таратылатын болады.
Олжас Бектенов білім беру саласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. 2024–2025 жылдары 484 мың орынға арналған 340 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы 111 мектеп іске қосылады. 245 мектепте кешенді жаңғырту жүргізіледі.
Кәсіптік-техникалық білімге ерекше көңіл бөлініп отыр: биыл колледждердің 150 мың студенті мемлекеттік тапсырыспен қамтылды. 9-сынып түлектерінің 100 пайызы тегін кәсіптік-техникалық білім алуда. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында кәсіпорындар сұранысы бойынша оқитын студенттер саны үш есе көбейіп, 30 мыңға жетті.
Техникалық және кәсіптік білім беруде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру екі еседен астам өсті – 437 мыңнан 913 мың теңгеге дейін. Жоғары білім беру жүйесінде биыл 93 мың грант бөлінді.
Студенттердің тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында жыл басынан бері 3,5 мың орындық 4 жатақхана ашылды, жыл соңына дейін тағы 10 мың орынға арналған 29 жатақхана пайдалануға беріледі. Соңғы бес жылда жатақханадағы орын тапшылығы үш есеге қысқарып, 61 мыңнан 17 мың орынға дейін азайды.
Айта кетейік, цифрландырудың арқасында көлеңкелі экономикадан 28 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылды.