Премьер-Министр жылу нысандарындағы апат туралы: Жылу беру толық тоқтап қалған жоқ

Премьер-Министр жылу нысандарындағы апат туралы: Жылу беру толық тоқтап қалған жоқ
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында жергілікті әкімдіктерді халыққа жылу нысандарының жұмысы туралы мәліметті дер кезінде беріп отыруға міндеттеді,   деп хабарлайды Kazinform. 

«Жалпы елімізде күн күрт суытып кетті. Осыған байланысты коммуналдық жүйелерге түсетін жүктеме де арта түседі. Мұндай кезде жылу және энергия объектілерінде штаттан тыс жағдайлар болатыны мәлім. Технологиялық ақауларға байланысты инциденттер болып жатыр. Бірақ жылу беру толықтай тоқтап қалған жоқ. Бұзылған учаскелерді нормативтік мерзімде қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданды. Әкімдіктер тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйелердің жұмысын ерекше бақылауда ұстауы қажет. Авария болған жағдайда барынша шұғыл әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдау керек. Халыққа нақты жағдай туралы, жөндеу жұмыстары мен жоспарлы жұмыстар туралы дер кезінде, объективті әрі түсінікті ақпарат беру – маңызды мәселе. Әйтпесе өтірік ақпарат пен фейк тарап кетеді», - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ ол «Қазақстан темір жолы» және «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниялары бірінші кезекте жылу станциялары мен қазандықтарға отынды уақытылы жеткізу керектігін атап өтті.

«Өңір әкімдіктері жылу объектілерінің иелерімен бірге тұрақты жұмыс істейтін жөндеу бригадаларының болуын, шұғыл жөндеу жұмыстары қажет болған жағдайда қосалқы бөлшектердің әзір тұруын қамтамасыз етуі керек. Қысқы жылыту маусымының тұрақты өтуі әрбір өңір әкімінің жеке бақылауында болуы тиіс», - деді Әлихан Смайылов.

Соңғы жаңалықтар